Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін тестілік режимде іске қосуға бір айдан аз уақыт қалды .
Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек тұрғындармен кездесу барысында хабарлады.
Әкімнің айтуынша, жобаның мерзімінде өзгеріс жоқ – алғашқы пойыздар қыркүйек айында сынақтан өткізіле бастайды.
– Қыркүйекте алғашқы құрамдарды тестілік режимде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сынақ нәтижелері бойынша толыққанды пайдалануға беру мерзімі анықталады. Әдетте тестілік кезең үш айдан алты айға дейін созылады, – деді ол.
Жолақы құнына қатысты да алдын ала болжам жасалды. Жоба бойынша билет бағасы 200 теңгеге дейін болуы мүмкін. Алайда нақты тариф осы жылдың соңына қарай бекітіледі.
– Жолақы шамамен 200 теңге көлемінде болады деп қарастырылған. Дегенмен нақты бағасын жыл соңына дейін жариялаймыз, – деп түсіндірді Қасымбек.