Жетісу облысына жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев жақында Талдықорғанда ашылған «ASMA Industrial» заманауи өндірістік аккумулятор зауытының тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл зауыт – аталған облыс үшін маңызды инвестициялық жоба. Оған 3 млрд теңгеден астам қаржы құйылып, 180 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорында электр техникасы, энергетика, телекоммуникация, жаңартылатын энергия көздерінде электр қуатын жинақтау үшін пайдаланылатын аккумуляторлар өндіріледі. Олар автокөліктер мен тепловоз қозғалтқыштарын іске қосуға, негізгі және қосалқы қуат көзі ретінде де қолданылады.

– Біз жаңа технологияларды қолдауымыз керек. Егер заманауи талаптарға сай мемлекет болғымыз келсе, экономикалық жобаларды жүзеге асырып, осындай зауыттарды іске қосу аса маңызды. Мұндай өндірістер еліміз үшін өте қажет, – деді Азат Перуашев.

Кәсіпорынды аралау барысында депутат шикізат жеткізу, салық салу және басқа да бірқатар мәселеге назар аударды. Зауыттың бас директоры Серікбай Әжмағанбетов бұл бағытта ешқандай түйткіл жоқ екенін, шикізат жеткізу уақтылы жүзеге асырылып отырғанын айтты.

Алдағы уақытта кәсіпорын жылына 210 мың данаға дейін өнім шығаруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар зауытты кеңейту жұмысы жүргізілуде, бұл өндіріс көлемін жылына 300 мың данаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Мұндай көрсеткіші бар зауыттар ТМД бойынша тек Қазақстан мен Ресейде ғана жұмыс істейді. Өндірістік қуатты арттыру үшін зауыт аумағында қосымша корпус салынады. Бұл өнім шығару көлемін ұлғайтып, кәсіпорынның нарықтағы позициясын нығайтуға ықпал ететін болады.