Елде келер жылдан бастап Ұлттық тауарлар каталогын қолдану міндетті болады.

Биыл заң нормалары қабылданып, классификаторды жүргізу тәртібі белгіленді. Қазір каталог пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі мәлімдеді. Әсет Нүсіповтің айтуынша, тауарға берілген код арқылы оның қай зауыттан шыққанын, қайда жіберілгенін көруге болады. Бұл көлеңкелі сауданы, сапасыз өнім шығаруды болдырмауға және әділ бәсеке орнатуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ елде таңбалаудан бастап талдауға дейінгі тауарларды бақылаудың үш деңгейлі моделі іске қосылады. Каталог қазірдің өзінде фискалдық деректермен байланысты. Қазіргі уақытта базада 15 млн тауар бар.

Әсет Тұрысов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Әрбір тауардың өзінің өмірлік циклі бар: ол не шетелден елге әкелінеді, не Қазақстан ішінде өндіріледі. Тиісінше, әрбір тауарға – кеденде немесе Қазақстан ішінде NTIN беріледі. Егер шетелден әкелінсе, GTIN-мен интеграция бар. Бұл ақпараттың барлығы мемлекеттік деректер базасында жинақталады, содан кейін барлық салаларда қолданылады: мемлекеттік сатып алуларда, шот-фактураларда, чектерде.