Оралда тұңғыш рет Халықаралық «Auyl Fest. Қой шаруашылығы» фестивалі сән-салтанатпен өтті. «Ауыл» партиясы ұйымдастырған бірегей шараға әлемнің 14 елінен қой шаруашылығындағы үздік мамандар келді. Форум қой жәрмеңкесі , аукцион, қой қырқу жарысы, қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесі, ұлттық киімдер сән көрсетілімі, ұлттық ойындар мен қой етінен жасалған ұлттық тағам түрлерінің дастарханына ұласып, ауқымды бұқаралық мерекеге айналды.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
«Auyl fest» фестивалінің Оралда өтуі тегін емес. Өйткені Батыс Қазақстан облысы – еділбай қой тұқымының отаны. Бұл малдың 200 жылдық тарихы бар. Бүгінгі көрмеге осы қой тұқымының бірнеше зауыттық түрі қойылған.
Асылтұқымды мал көрмесіне еділбаймен қатар, оралдық ғалымдар шығарған «Ақжайық» биязы жүнді қой тұқымы да қойылған. Жұртшылық назарына қойдың 10 тұқымы мен 7 зауыттық түрі көрсетілді. Өңірдегі шаруашылықтармен қатар, Атырау, Ақтөбе облыстарының қожалықтары да көрмеге қой әкелген.
Дархан Смағұлов, ғалым, БҚИТУ профессоры:
Шетелдік те тұқымдар бар. Ресеймен көршілес аудандарда өсірілетін биязы жүнді Волгоград қой тұқымы. Еліміздің оңтүстігінде сұранысқа аса көп ие болып отырған гиссар, арашан қой тұқымдарының аталығын алып кеп отырмыз. Әлем бойынша премиум класқа жататын дорпер тұқымы да бар.
Фестиваль аясында өткен форумда қой шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері қаузалды. Шетелден келген мамандар, мәселен, француз кәсіпкері өз еліндегі қой шаруашылығын дамытудағы тәжірибесімен бөлісті. Қой жүні мен терісін өңдейтін зауыттар ашуға инвесторлар тартылды. Еліміздегі 3 млн қойдың 70 %-ы – қылшық жүнді құйрықты қазақы қой тұқымы. Өңірде 1 млн-ға жуық қой бар.
Саед Мухамед, Мерей кәсіпорын президенті:
Біз еділбай қойын дамытуға 1,5 млрд теңге инвестиция саламыз. Оралда тері өңдейтін өндіріс орнын ашпақпыз. Қазір келісім жүргізіп жатырмыз.
«Ауыл» партиясы өткізген фестиваль аясында облыстың 12 ауданы алаңға ақшаңқан киіз үй құрып, ұлттық салт-дәстүрді насихаттады. Ұршық иіріліп, жүн түтілді. Шеберлер киізден жасалған шәркей, ұлттық киім-кешек, көрпе бұйымдарын көрмеге қойды.
Ләззат Сейіткереева, кәсіпкер, шебер:
Қой жүнінің пайдасы жоғары. Шәркейлеріміз киізден жасалғанымен жазда ыссылатпайды, қыста тоңдырмайды. Өзінің табиғи лановиннің емдік қасиеті жоғары. Жүннің табиғи түгінің өзі адамға массаж болады.
Фестиваль түрлі іс-шаралардың байлығымен ерекшеленді. Спортшылар тоғызқұмалақ, арқан тарту, асық ату, бес асық, басқа да ұлттық ойындардың көрігін қыздырды. Тұқымдық қошқарлардың аукционы, қой қырқу жарысы, қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесі, ұлттық киімдердің сән көрсетілімі, қой етінен ұлттық тағам жасаудан аспаздар сайысы – мұның бәрі халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Әлихан Тасқайыров, тұрғын:
Мынадай керемет шара болып жатыр екен «Ауыл фест» деген. Тым жақсы қазақтың қой жәрмеңкесін көрдік. Таңғалып жатырмыз. Осындай шара жиі-жиі бола берсін. Бәрі жақсы екен. Халықтың көңіл күйі көтеріңкі.
Халықаралық шара қой түлігінің қазақтың тұрмыс-тірлігімен біте қайнасып кеткенін көрсетті. «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» екенін тағы бір дәлелдеді.
Ардақ Мұратқызы