«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір». Бүгін Оралда қой шаруашылығының тиімділігін тағы бір айшықтаған «Auyl Fest» фестивалі өтті, деп хабарлайды 24kz.
Шараға ел шаруалары мен Франция, Иран, Венгрия, Қытай, Ресей мемлекеттерінің қой өсіруші ғалымдары, кәсіпкерлері қатысты. Форум барысында Шопан ата тұқымының санын арттырып қана қоймай, тері мен жүнді өңдеу, осы салаға инвестиция тарту мәселелері талқыланды.
Орал өңірі – әлемге әйгілі ақбас сиырдың, Көшім жылқысының, Еділбай және Ақжайық қойының Отаны. Аймақта қой басы 1 млн 300 мыңнан асады. Бір кездері Шопан ата тұқымының саны күрт кеміп кеткенімен, мемлекеттік қолдаудың арқасында бұл көрсеткіш қалпына келіпті. Тек соңғы 10 жылда шопандарға 5 млрд теңге демеуқаржы төленген. Бүгінгі шара осы саланы дамытып, инвестиция тартуды көздейді.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Бүгінгі форумның негізгі мақсаты – ұлттық дәстүрлерді қайта жаңғырту арқылы патриотизмді нығайту, қой шаруашылығын танымал ету арқылы ауыл халқының жұмыспен қамтылуын және табыс деңгейін арттыру, агроөнеркәсіптік кешеніне инвестиция тарту, фермерлерді қолдау мақсатында халықаралық тәжірибе мен озық технологияларды енгізу және ауыл туризмін дамыту болып табылады.
«Auyl Fest» шарасы «Ауыл» партиясы бастамасымен өтті. Фестиваль барысында қой етінен жасалған тағамдар мен терісінен тігілген киімдердің көрмесі ұйымдастырылды. Ұсақ малдың еті мен жүні рәсуа боп жататыны жасырын емес. «Сондықтан алдымен өңдеу саласын өркендетіп, инвестиция тартуымыз керек», — дейді ұйымдастырушылар.
Серік Егізбаев, «Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазақстанда 35 млн қой басы болды. Қазір ресми статистикаға сенсек, 20 млн қойымыз бар. Қарапайым халықтың бәрі: «Жүнімізді не істейміз», дейді. «Ешкім жинамайды, терісін не істейміз, ешкім алмайды», - дейді. Қазір бәріміздің басымыз қосылып, экономикамыздың, салт-дәстүріміздің, ата-бабамыздың кәсіптері негізін қозғау, алға дамыту мәселесін шешеміз бе деген үмітпен жиналып отырмыз.
Фестиваль барысында асылтұқымды қойлар аукционда сатылып, үздік қырықтықшылар мен қой союшылардың байқауы өтті.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап