Жапониядағы ЭКСПО-2025 көрмесінде Қазақстан павильонын 900 мыңнан астам адам тамашалады.

Осака қаласында 13 сәуірде басталған дүниежүзілік іс-шара 13 қазанға дейін жалғасады. Оған 160-тан аса ел қатысыып жатыр.

Қазақстан павильонындағы гид Наргиз Рахимова қонақтарға еліміздің тарихы мен мәдениетін таныстырады. Ол жуырда ғана Осаканың университетін тәмамдаған, жапон тілінде еркін сөйлейді. Оның айтуынша, келушілердің қазақстандық ALEM атты өнертабысқа ерекше қызығады. Бұл құрылғы донорлық ағзаларды ұзақ уақыт сақтап, трансплантациялауға арналған.

Наргиз Рахимова, ЭКСПО-2025 көрмесіндегі Қазақстан павильонының гиді:

- Павильонымызда «Әлем» құрылғысы орналасқан. Соған байланысты Қазақстанда тұрып жатқан көшпенділерді ғана емес, техника, медицина, инженерия саласынан көшбасшы орындардың бірін алып жатқандығымызды көреді. «Әлем» құрылғысы туралы бұған дейін білмейтін едім және келгеннен кейін Қазақстанда осынша әлем үшін маңызды құрылғы ойлап жасалғандығы расымен де жаңа жаңалық болды.

Қазақстанның интерактивті картасы қонақтарды еліміздің негізгі тарихи кезеңдерімен және мәдениет пен спорттың дамуымен таныстырады. Көріністі әлемге әйгілі боксшымыз 2022 жылы жапондық Риото Муратаны жеңген Геннадий Головкин мен Алматыдан шыққан кәсіпқой сумо балуаны Ерсін Балтағұл түйіндейді. Шаңырақпен бөлінген жерде қонақтарға Қазақстанның басты көрікті жерлері көрсетіледі. Мұнда әркім суретке түсіп, бейнесін экраннан көре алады.

Томоэ Цукада, Осака қаласының тұрғыны:

- Қазақстан жайлы көп білмейтін едім, бірақ бүгін көптеген қызықты деректерді естіп, білдім. Онда түрлі ұлт өкілдері тұратынын көрдім. Барғым келіп кетті.

Мотонобу Осава, Осака қаласының тұрғыны:

- Павильон өте керемет екен. Оны көру үшін екі сағаттай кезекте тұрдым. Гидтің таныстырып түсіндіруінене көп мағлұмат алдым. Қазақстанға қызығушылығым арттып, көрсем деген ой келді.

Қазақстан павильонына келгендердің арасында Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері мен қазақ тілін үйреніп жүргендер де бар. Солардың бірі – Лиса Икезоэ, қазақша аты – Риза. Абай тілін терең меңгеру үшін ол Алматыға арнайы барып қайтқан.

Лиса Икезоэ, Токио қаласының тұрғыны:

- Маған Қазақстанның мәдениеті, әсіресі Қазақстан ұлттық музыкалары, сосын ұлттық билері өте ұнайды. Мен оларды өте жақсы көремін. Сол себептен мен осы ЭКСПО-ға келдім. Маған қазақ тілі оңай. Мен жарты жыл қазақ тобында қазақ тіліг үйреніп сосыне осылай еркін сөйлеп бастадым.

Осакадағы ЭКСПО-да ең есте қаларлық көріністің бірі 10 тамыздағы қазақстандық әртістер шеруі болды. Ал кешкісін өткен концертте үш мыңға жуық көрермен қазақ өнерпаздарының шеберлігіне тәнті болып, ұзақ қол соқты.

Владислав Цой, Ольга Лян, 24.kz