102 есірткі зертханасы жойылды, оның 11-і синтетикалық .

Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидаты бойынша жұмысты жалғастырып келеді. Биыл жеті ай ішінде есірткіге қатысты 4 655 құқықбұзушылық тіркелген, оның ішінде 2 100-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Құқық қорғаушылар 24 қылмыстық істі ұйымдасқан топтарға қатысты қозғап, олардың ішінде үш трансұлттық қылмыстық топты әшкереледі. Барлығы 12 басшы мен 48 белсенді қатысушы ұсталды. Ресей Федерациясымен бірлескен операция барысында елде бірнеше есірткі зертханасын ұйымдастырған, іздеуде жүрген күдікті қолға түсті.

Ағымдағы жылы айналымға түспей қалған есірткінің жалпы көлемі 11 тоннадан асты. Оның ішінде тәркіленген синтетикалық заттар көлемі үш есеге артып, бір тоннадан жоғары болды. Сонымен қатар, 322 есірткі өсіру фактісі мен 76 контрабанда дерегі анықталды.


Оқи отырыңыз: Алматыда Дженнифер Лопестің концертіне жалған билет сатқан ер адам ұсталды


"Жыл басынан бері 102 есірткі зертханасы жойылды: оның 11-і синтетикалық зат өндіруге, 91-і фитозертханаға қатысты. Цифрлық шешімдердің арқасында жастар арасында танымал 20 мың есірткі сайты бұғатталып, бұл көрсеткіш үш есеге артқан. Сонымен қатар күдікті қаржылық операцияларға қатысты 38 мың банк картасы бұғатталды. Тәркіленген қаражаттың жалпы көлемі 2,5 млрд теңгені құрады", – делінген хабарламада.