Өткен сот процесінде судья жәбірленушіні келесі сотқа жеке өзі немесе онлайн режимде қатысуын талап еткен еді.
Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына жасалған қастандық ісі бойынша сот тыңдалымы жалғасты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Сот отырысының басты жаңалығы – жәбірленуші Руслан Берденовтың онлайн режимде қатысуы.
Ол барлық сөзін полиграф арқылы да айтуға даяр екенін жеткізді. Руслан Берденов өзіне оқ жаудырған Ернар Жиенбайды небірі 3 рет ғана көргенін сөз етті. Оның екеуі жұмысқа байланысты болса, үшіншісі – от атқан күні.
– Жиналысқа "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС башысы Ернар Жиенбайды шақырғанбыз. Инспектор Асанбай мен Жиенбай бірге келді. Бірақ, Жиенбай қаржының қайда жұмсалғанын, қандай мердігерлер жұмыс істеп жатқанын, қандай тендерлер өткізілгенін, қанша үйге жұмыс жүргізілгенін нақты айта алмады. Тіпті, инспектор оған "мынаны айт, ананы айт" деп отырды. Кейін екеуі менің кабинетімде өзара дауласып кетті, – деді Руслан Берденов.
Сондай сәттердің бірінде "Біз сенімен мұндай жағдайда жұмыс істей алмаймыз" деп айтқанын да жасырмады. Өз кезегінде Ернар Жиенбай "Керек болса, жұмыстан шыға аламын" деген. Берденов еш ойланбастан "Ендеше, солай жаса" деп жауап қатқан.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына бір апта өтер-өтпестен инспектор Асанбай келіп, Жиенбайдың қоңырау соғып, "біреуді өлтіремін немесе өзім өлемін" деген сөзін жеткізіпті.
Ал екінші кездесуінде Жиенбай жұмыс кабинетіне өзі сұранып кіргенін айтады.
– Ол менен "Бір-екі бітпеген жұмысым бар еді, бір-екі айдан кейін жұмыстан кетуіме бола ма?" деп сұрады. Қарсы болған жоқпын. Сондай-ақ, "Сіз – менің кумирімсіз, отбасымызбен үлгі тұтамыз" деді. Қолымды алып, қоштасып шықты. Ол кезде ешқандай дау-дамай болған жоқ, – деп сөзін жалғады ол.
Жәбірленуші Ернар Жиенбайдың киім үлгісіне байланысты ескерту жасағанын жасырмады. Оның жиналысқа джинсы және ақ футболкамен келгені туралы ақпараттар бар.
– Екі кездесуде де ешқандай дау болмады. Бұл сөзімді полиграф арқылы, детектормен де айта аламын. Екінші кездесуіміз өте жақсы өтті. Басқа артық әңгіме болған жоқ. Бірінші кездесудегі куәгер – Асанбай. Екінші кездесуде екеуіміз ғана сөйлестік. Бірақ, саяси қызметкер болғаннан кейін кабинетте техникалық жабдықтар тұрады, оны да тыңдап көреміз, – деді ол.