Аталған жол белгілері кәсіпкерлердің құқығын негізсіз шектеген.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және заңдылықтың сақталуын қадағалау шеңберінде Бородулиха ауданының прокуратурасы "КХ Қызыл партизан" ЖШС-нің кәсіпкерлік қызметін негізсіз шектеу фактісін анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жүргізілген тексеру барысында Новошульба ауылдық округінің әкімі Қазақстан Республикасының "Жол жүрісі туралы" заңының талаптарын бұза отырып және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің ұстанымына қарама-қайшы түрде Новая Шульба ауылындағы Краснопартизанская көшесіне 3.4 "Жүк көліктерінің қозғалысына тыйым салынады" деген жол белгілерін орнату туралы шешім қабылдағаны анықталды.

Аталған шешім инвестордың, өзге де кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарының мүдделерін ескермей қабылданған. Бұл жол ауыл шаруашылығы өнімдерін, жанар-жағармай мен басқа да жүктерді тасымалдау үшін қолданылады. Сонымен қатар, Краснопартизанская көшесі аудандық маңызы бар автожолдармен байланыстыратын жалғыз жол бөлігі болып табылады және баламалы бағыты жоқ.

Аудан прокуратурасының наразылығын қарау нәтижесінде бұл жол белгілері заңсыз орнатылған деп танылып, алынып тасталды. Инвестордың, кәсіпкерлердің және ауыл тұрғындарының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.