Соңғы жылдары Тәжікстан билігі балгерлік пен сиқыршылыққа қарсы шараларды күшейтіп келеді.

Тәжікстан үкіметі балгерлер мен көріпкелдердің қызметін пайдаланған азаматтарға айыппұл салуды көздейтін заң жобасын парламент қарауына енгізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Құжатқа сәйкес, Әкімшілік құқықбұзушылықтар кодексінің 482-бабына "Сиқыршылардың, балгерлердің және көріпкелдердің қызметін пайдалану" жөнінде жаңа тармақ қосылмақ. Егер бұл түзету қабылданса, балгерлерге барған тұрғындар 750 сомониге дейін (шамамен 44 мың теңге) айыппұл төлейді.

Өткен жылы бал ашу немесе сиқыр жасауға тыйым салынып, заң бұзғандарға қатаң жаза белгіленген еді. Ол бойынша балгерлікпен айналысқан жеке тұлғаларға 80-100 есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе 10-15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың алты айында елде балгерлік пен сиқыршылыққа қатысты 495 дерек тіркелген.