Елде мал саны өсіп келеді. Ет өндірісі ұлғайды.
Алайда базардағы ет бағасы да күн санап қымбаттап отыр. Қазір дүкендегі сиыр етінің бір келісі 5 мың теңгеге жуықтаса, жылқы етінің бағасы одан да асып кетеді. Ет бағасына не әсер етіп отыр?
Ет қымбаттауының бірнеше себебі бар
Елде мал көбейіп келеді. Биыл жарты жылда 2 млн 700 мың бұзау туды. Сөйтіп ірі қара 8,3 пайызға өсіп, 8 млн 800 мыңға жетті. Қой-ешкі саны 0,8 пайызға көбейіп, 21 млн 500 мың болды. Ал Қамбар ата түлігі 5 пайызға жуық өсті. Қазір елде 4 млн 700 мың жылқы бар.
Сондай-ақ ет өндірісі артып отыр. Қаңтар-маусым айларында 530 мың тоннаға жуық ет өндірілді. Өсім – 1,5 пайыз. Дегенмен ет өндірісі ұлғайса да, ішкі нарықтағы баға көтерілді. Қазір сиыр етінің келісі 5000 теңгеге дейін барады. Ауыл шаруашылығы министрлігі қымбатшылықтың бірнеше себебі бар дейді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі:
- Ет өнімдері бағасының өсуі, ең алдымен, ішкі және сыртқы объективті факторларға байланысты. Коммуналдық қызметтер, энергия ресурстары, жем-шөп пен жанар-жағармайдың қымбаттауы баға қалыптасуына ықпал етеді. Сондай-ақ жоғары экспорттық сұраныс та бағаға әсерін тигізіп отыр. Ішкі нарықты қорғау мақсатында тірі малды экспорттауға уақытша шектеулер енгізіліп, ет өнімдері экспортын бақылау шаралары күшейтілді.
Елдегі мал саны
Сиыр – 8,8 млн
Қой – 21,5 млн
Жылқы – 4,7 млн
Ет өндірісі
Барлығы – 529,9 мың тонна
Сиыр еті – 182,3 мың тонна
Қой еті – 56,4 мың тонна
Жылқы еті – 69,3 мың тонна
Бордақылау алаңдарына қолдау қажет
Қазір елден мал шығаруға болмайды. Яғни 10 қазанға дейін аналық сиыр мен қойды сыртқа сатуға рұқсат жоқ. Сондай-ақ бұқаларды экспорттауға тыйым салынған. 15 мамырдан 15 тамызға дейін енгізілген тыйым 15 қазанға дейін ұзартылды. Жалпы, жыл басынан бері ет экспорты өсті. Қаңтар-мамыр аралығында сиыр етінің экспорты 12 300 тоннаға жетті. 9 200 тонна қой еті экспортталды. Мұндағы өсім 2,5 пайыздан асады. Дегенмен экспортты бұдан да асыруға болады. Елде 300 ірі қара және 15 ұсақ малды бордақылайтын алаң бар. Алайда бұл алаңдардың қуатын арттыруға ақша жоқ.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі:
- Бордақылау алаңдарының толық қуатына шықпауының негізгі себебі – шаруашылықтардың жас малды сатып алатын айналым қаражаты тапшы. Сондай-ақ екінші деңгейлі банктер несиесінің қымбаттығы қолбайлау болып отыр. Осы орайда Үкімет мал шаруашылығы саласын қолдауға арналған кешенді бағдарламаны іске қосты.
Етке субсидия ұлғайды
30 шілдеден бері жеңілдетілген несиеге өтініш қабылданып жатыр. Несиенің мөлшерлемесі — 5 пайыз. Шаруалар бұл қаржыны төл сатып алуға, жем-шөп пен жанар-жағармайға жұмсауға тиіс. Осы мақсатта 50 млрд теңге бөлінді. Жаңа бағдарлама бордақылау алаңдарының қуатын 34 пайыздан 60-қа дейін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар алдағы уақытта мал тұқымын асылдандыруға қатысты «Игілік» бағдарламасы іске қосылады. Бағдарламаның жылдық мөлшерлемесі – 6 пайыз. Ал бұған дейін асыл тұқымды малға төленіп келген субсидия тоқтатылды.
Бағлан Аймырзаев, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:
- 2024 жылға дейін асылдандыру жұмыстарына субсидиялар берілген болатын. Бірақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің болуына байланысты биылғы жылы біз маусым айынан бастап ол субсидияны алып тастаған болатынбыз. Көрші Ресейді алып қарайтын болсақ, ол жерде жалпы өнімнің 10 пайызынан аса осы субсидия түрінде береді. Бізде бұл 3-4 пайызға ғана жетеді. Сондықтан да біз мемлекеттік қолдауды әрдайым беруіміз керек.
Асыл тұқымды малға арналған субсидияның қаржысы дайын өнімге берілетін қолдауға жұмсалмақ. Яғни бұрын комбинатқа өткізілген еттің әр келісіне 200 теңге төленсе, биылдан бастап 300 теңгеден төленбек.