Фитнес залға толған судың деңгейі жарты метрге дейін жетеді

Еліміздің солтүстігінде жауын-шашынның бір айлық мөлшері түсіп, жер үйлер мен әлеуметтік нысандар судың астында қалды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

11 сағат бойы жауған нөсердің салдарынан фитнес зал, дүкен сияқты кәсіпкерлік ғимараттарға су кірген. Шаш етектен шығынға баттық деген бизнес өкілдері мен тұрғындар енді әкімдік өтемақы төлесін деп отыр.

Фитнес залға толған судың деңгейі жарты метрге дейін жетеді. Сондықтан мұнда енді гидрокостюммен келмесеңіз, кіру мүмкін емес. Ефим Грабовский жаттығу залына жаңадан жүзден астам құрылғы әкеліп орнатқанын айтады. Қазір олардың дені түкке де жарамсыз болып қалды деп отыр.

"Былтыр да осындай нөсер жауынның салдарынан залымызды су басты. Ол кезде төрт миллион теңгеге жуық шығынға баттық. Қаншама құрылғымыз жарамсыз болып қалды. Биыл енді әкімдікті сотқа береміз", – деді кәсіпкер Ефим Грабовский.

Әкімдіктегілер нөсер жауынға кәріз желілері төтеп бере алмағанын айтады. Өйткені бір тәулікте бір айлық нормадағы жауын-шашын жауған. Жергілікті билік тұрғындар мен кәсіпкерлерге суды сорып шығаруға көмектеспек. Бірақ ешкімге өтемақы берілмейді дейді.

"Кеше сағат таңғы алтыдан түнгі он екіге дейін қала тұрғындарына және әр түрлі мекемелерден жүзден астам өтініш келіп түсті. Олардың отызы қайталанады", – деді Петропавл қаласы ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Бердімұрат Баймұқанов.

Бір тәулікте Петропавлда оннан астам жер үйге, көпқабатты баспаналардың жертөлесіне су кірген. Көшелер көлге айналып, қозғалыс қиындаған. Одан бөлек, туберкулёз диспансері мен білім беру мекемелері де зардап шеккен.