Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында теміржол вокзалдарын реконструкциялау және жаңғырту мәселесін көтерді, деп хабарлайды Egemen .kz.

Премьер-министр Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтан 125 теміржол вокзалын реконструкциялау мен жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатқанын және қашан аяқталатынын сұрады.

«Сіздің тапсырмаңыз бойынша жұмыстар басталды. Биыл 100 вокзал бойынша жұмыстар аяқталады. Қалғандары 2026 жылы бітеді», деп баяндады Нұрлан Сауранбаев.

Министрлік мәліметінше, мердігерлер теміржол вокзалдарын реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарына кіріскен, жобаларды жүзеге асыру бекітілген нормативтік-техникалық мерзімдерге сәйкес кезең-кезеңмен жүргізіліп жатыр.

Жаңғырту вокзал кешендерінің негізгі элементтерін, соның ішінде қасбеттерді, шатырды, үй-жайларды, инженерлік желілерді, жолаушылар залдары мен платформаларды қамтиды. Қазіргі заманғы қауіпсіздік, навигация және жарықтандыру жүйелерін орнату, сондай-ақ мобильділігі төмен жолаушылар үшін жағдай жасау көзделген.

Олжас Бектенов бұл бағыттағы жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.