Пәтерін жалға беруші азаматтарға жақсы жаңалық ! Жаңа салық кодексі күшіне енсе, олар жеке табыс салығынан босатылады.

Баспанасын жалға беруден түскен табысы айына 300 айлық есептік көрсеткіштен аспаса, оларға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуге де рұқсат. Жаңа кодексте бұған қатысты тағы қандай жаңалық бар?

Қазір пәтер жалдаумен айналысатын азаматтар патент негізінде жұмыс істесе 1 пайыздық, оңайлатылған режимге көшсе 3 пайыздық жеке табыс салығын төлейді. Бірақ жаңа салық кодексі күшіне енсе, келер жылдан бастап олар тек әлеуметтік төлемдерді ғана аудармақ. Сондай-ақ қазіргідей жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндеттелмейді, тоқсан сайын салық бойынша, есеп бермейді және декларация да тапсырмайды.

Дәурен Санғылбаев, ҚР ҚМ МКК Арнаулы салық режимі әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы:

- Егер кез-келген жеке тұлға өзінің пәтерін жалға беретін болса, бір айдағы табысы 300 АЕК-тен асып кетпеуі тиіс. Екіншіден, табысына ешқандай жеке табыс салығы салынбайды. Кодексте көрсетілген 0 пайызбен өтеді. Тек бір ғана шарт бар – ол міндетті әлеуметтік төлемдерді төлеу. Яғни, зейнетақы жарналарын төлеу, жұмыс берушінің жеке жарналарын төлеу, әлеуметтік төлемдер және медициналық сақтандыру төлемдерін төлейді.

Бұл шамамен 4 пайызды құрайды. Ал ай сайынғы табыс 300 аектен асса, бұл дегеніміз шамамен 1 миллион 200 мыңнан астам соманы құрайды. Онда кәсіпкер ретінде тіркеліп, 4 пайыздық жеке табыс салығын төлеуі қажет және әлеуметтік төлемдерді де естен шығармаған жөн.

Нұрлан Жаңабаев, заңгер:

- Салық комитетінің тиісті ақпаратта бағдарламалары бар. Олар біздің ҚР банктарымен немесе басқа да жүйелерімен жұмыс істейді. Солар барлығын көріп отырады. Жеке кәсіпкер қанша ақша алды, қанша төледі, қанша төлеуі керек деген. Қазір өздеріңіз білесіздер барлығы онлайн түрде.

Ал коммерциялық нысандарды жалға беретін кәсіпкерлер қайтпек? Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жалпыға бірдей режимде жұмыс істейтін азаматтар табысының 10 пайызын, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер 20 пайызын салыққа аударуда. Ал жаңа кодекс күшіне енсе, бұл көрсеткіш қалай өзгермек?

Нұрлан Жаңабаев, заңгер:

- Оларға 20-25 пайыздай шығып, қиын болып тұр.

Демек мамандардың сөзіне сенсек, жалға алу құны да қымбаттауы ықтимал. Бірақ, екінші жағынан көлеңкелі экономиканың төмендеуіне түрткі болуы да ғажап емес. Айта кеткен жөн, салық төлемінен жалтарған азаматтарға мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан алдымен ескерту беріледі. Кейін 15-тен 30 айлық көрсеткішке дейін айыппұл салынады.

Назым Кенжебай, Самат Қазанбай, 24 КZ