Адвокат Ләззат Ахатова сот отырысында тілін шығарған судья туралы пікір білдірді.

Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, — деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

«Желіні ашсам, алдымнан бұрынғы әріптесім Әбинұрдың журналистке тілін шығарған видеосы шыға береді. “Ойбуй” дедім, бірінші көргенде.

Сосын жемтігін талаған құзғындай жан-жақтан сүрінген адамды талап жатқан, тілдері жеткенше кекетіп-мұқатып жатқан, сотты “соттап” жатқан “періштелердің” жазбалары бірінен соң бірі алдымнан шыққасын, ол судьяны түсіндім)) Сол “шкурада” болып көрген адам ретінде түсіндім.. Әріптесім, не жерлесім болғасын, жақтайтын ойым жоқ. Жалпы пікірім сол. Не ойласаңыздар да, бәрібір. Дәл осы жолы бәрібір. Өйткені судьяларды қолдайтын адам аз..Судьяны судья болып көрген, не сол салада жұмыс істеген, істерді қарау кезінде олардың жан-жақтан қандай қысымдарға ұшырайтынын, сол себепті денсаулығының жартысынан айрылатынын көзбен көріп жүрген маман ғана түсіне алып, қолдаса керек..Қалғандар түсіне алмайды, тек біржақты кінәлауға бейім. Қарғап-сілеп, танымай-білмей, ата жауынан бетер тілдейтіндер — бөлек тақырып.

Қазір талайтын шығарсыздар, жан-жақтан. Талай қойыңыздар.

Ол судьяның ерінбеген блогер мен журналист боп, қит еткенді әлемге жариялап, жар салғаны мен соған лайық қоғамның қысымынан жүйкесі сыр бергенін жақсы түсінген соң, кінәлай алмадым. Иә, кінәлай алмадым, кінәламаймын. Соңғы кедегі шектен шыққан “ашықтық” пен “жариялықтан” кімнің болсын, “крышасы” кетеді) Қай жерде атыңды шығаратын өсек-аяң бар, резонанс боп жатқан іс бар, қатысы болсын, болмасын, контент үшін, рейтинг үшін мұрнын тығып жүретіндерден кімнің болсын, “крышасы” кетеді ғой)))

Судьяның жұмысы оңай деп кім айтты?! Сотқа сот көп, қазір. Бір күн де сот саласында жұмыс істемегендер, ішкі киындығын көрмегендер данышпансып, ақыл айтып, сотқа “үкім” шығарып жататын заманда бұрынғыдан екі-үш есе қиын. Қазіргі заманда судья болу үшін жүйкең темірден де қатты болу керек. Сезімсіз, мылқау, соқыр, жүрексіз болу керек. Қоғамның өзі солай болуға итермелеп отыр. Ондай болмаса, ол салада жұмыс істеу мүмкін емес.

Біз ақ-қарасын ажыратпаймыз ғой. Әркімнің өз шындығы барын ескермейміз. Сот ешкімді көшеден сүйреп әкеп, соттамайтынына, титтей болса да, бір негіз болғасын, соттың алдына сол іс түсіп тұрғанына бас қатырмаймыз. Тергеу органының қитұрқылығын, істегі материалдарды бұрмалайтынын қоспағанда, әрине. Ондай жағдайда өздерінің ақтығын дәлелдеу — тараптар мен қорғаушылардың құзырындағы мәселе.

Ал Әбинұр Қарабаевты “Шымкенттік судья” деп, өңірге акцент жасап жатқандарға айтарым- Астанада соттың төрағасы болған, ол жігіт)) Ал біліктілігіне келсек, қылмыстық соттағы ең тәжірибелі, білімді судьяның бірі емес, бірегейі. Соттарға жасалатын қысымнан жүйкесі сыр берген тәжірибелі маманды қоғамның қысымына бола, орнынан алып жатса, соттарда дені дұрыс кадр да қалмас..

P.S. Судьяның тілі емес, шибөрідей шулағандарға көрсеткен ішкі протесты сыртқа шығып кетті) Азар болса, жұмыстан шығарып жіберер)) Ондай білігімен, тәжірибесімен ол судья аш қалмас, бірақ жасқанбай, ішкі ойын көрсетіп кеткенінің өзі не тұрады?», — деп жазды адвокат.