Полицейлер әлеуметтік желі арқылы бірнеше алаяқтық жасаған 23 жастағы жігітті ұстады.
Қазіргі уақытта ұсталған азаматтың осындай 15-ке жуық қылмысқа қатысы бар екені анықталып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Алдын ала деректер бойынша, күдікті әлеуметтік желілердің бірінде Zhastar_camp деген атпен Бурабайдағы демалыс аймағында орналасқан балалар лагеріне жолдама сатып алуды ұсынған. Ол клиенттерден алдын ала төлемді банк картасына аударуды талап етіп, кейін байланысқа шықпай қойған.
Мәселен, Астана тұрғыны баласын жазғы демалысқа жібермек болып, күдіктінің есепшотына 120 мың теңге аударған. Ақша қолына тиген соң, алаяқ байланысын үзген. Қазіргі таңда оның тағы бір осындай құқық бұзушылыққа қатысы бар фактісі белгілі болды.
Барлық тергеу амалдарының нәтижесі бойынша қылмыстық іс аясында тиісті процессуалдық шешім қабылданатын болады.