Аталған адамдар тобы қазақ-өзбек шекарасында ұзындығы 375 метрлік туннель салған .

Түркістан облысы прокуратурасының бастамасы және үйлестіруімен экономикалық тергеу департаменті, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының құқық қорғау органдарының ынтымақтастығы арқылы трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, мұнай өнімдерін контрабандалауға арналған туннель жойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аталған адамдар тобы қазақ-өзбек шекарасында ұзындығы 375 метрлік туннель салған. Осы туннель арқылы күн сайын 5-7 тонна жанар-жағармай материалдары заңсыз түрде шығарылып отырған. Контрабандалық әрекеттер шамамен екі айға созылған. Арнайы шаралар нәтижесінде қылмыстық топтың барлық мүшелері анықталып, ұсталды.

Мағыналас іс-шаралар Өзбекстанның құқық қорғау органдары тарапынан мемлекеттік шекара маңында да жүргізілді. Сонымен қатар, көрші мемлекетке экспортталған жанармайдың ақша аудару схемасы да анықталды.

"2024 жылдың қыркүйек және желтоқсан айлары аралығында қылмыстық топ "АИ-92" маркалы бензин өнімін рұқсат құжаттарсыз жүйелі түрде Өзбекстан Республикасына тасымалдап, әрі қарай сатқан. Салдарынан заңсыз экспортталған бензиннің жалпы көлемі 420,340 тоннаға жетіп, нарықтық құны 112 512 883 теңге болды. Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі бойынша қылмыстық топтың ұйымдастырушысы 15 жылға, ал қатысушылары 13 жылдан бастап бас бостандығынан айыру жазасына сотталды", – делінген Түркістан облысы прокуратурасы таратқан ақпаратта.