Атырау облысының экология департаменті North Caspian Operating Company N.V. (NCOC) компаниясын экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін ірі көлемде жауапкершілікке тартты.
18 тамызда ведомство компанияға күкіртті нормадан артық жинағаны үшін 2,3 трлн теңге, ал күкіртті газды төтенше жағдайда өртеуге байланысты қосымша 1,5 млрд теңге көлемінде айыппұл салынғанын мәлімдеді.
Бұл жағдайдың тарихы 2022 жылға барып тіреледі. Сол кезде экология мамандары кәсіпорынға профилактикалық тексеріс жүргізіп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтаған. Соның негізінде бірнеше әкімшілік іс қозғалып, сот қарауына жіберілген.
Нәтижесінде NCOC-қа мынадай төлем міндеттелді:
-
күкіртті шамадан тыс орналастырғаны үшін – 2 трлн 356 млрд 293 млн 268 мың теңге;
-
белгіленбеген шығарындылар мен күкірт газын апатты жағдайда жағуға байланысты – 1 млрд 506 млн 914 мың теңге.
Әзірге экология департаментінің қаулысы заңды күшіне енген жоқ.