Негізгі мақсат – мемлекеттің ең маңызды міндеттерінің бірі – жастарды лайықты жұмыспен қамту және адами капиталды дамыту.
Елордада жұмысшы мамандықтары жылы аясында 22 тамызда жастарға арналған еліміздегі ең ірі бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Іс-шараны "AMANAT" партиясының "Жастар Рухы" жастар қанаты елорда әкімдігімен бірлесіп ұйымдастыруда.
Жәрмеңке 22 тамыз күні Кенесары көшесі, 32 мекенжайында орналасқан елордалық Е. Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония ғимаратында өтеді.
Бұл жәрмеңке жастар мен бизнес арасындағы тікелей диалог алаңына айналып, жас мамандарға экономиканың нақты секторында өзін көрсетуге мүмкіндік береді.
Әртүрлі саладан 70-тен астам жұмыс беруші 1000-нан аса өзекті бос жұмыс орнын ұсынады.
Қатысушылардың қатарында еліміздің жетекші ұлттық компаниялары бар: "KEGOC" АҚ, "Қазақтелеком" АҚ, "DAR RAIL" ЖШС, "Home Credit Bank" АҚ, "IntegraConstruction KZ" ЖШС, "Қазмедиа орталығы" АҚ, "Богатырь Көмір" ЖШС, "Қазпошта" АҚ, "Қазақстан Халық Банкі" АҚ, Astana Hub және басқа да ірі ұйымдар.
Жәрмеңкенің өтуі жүздеген жас қазақстандықты жұмыспен қамтуға ғана емес, сонымен қатар жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, бәсекеге қабілетті ұрпақты қалыптастыруға және ел экономикасын нығайтуға қуатты серпін береді.