Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, Венгрияның жетекші компанияларының бірі Aranynekt ár Kft Қазақстан аумағында бал өндіру және өңдеу зауытын салуға ниет білдірді.

Жоба жайы вице-министр Ермек Кенжеханұлы мен компания бас директоры Ференц Фульмер арасындағы кездесуде талқыланды. Болашақ зауыт Еуропалық одақ стандарттарына сай, жоғары технологиялы және экологиялық таза өнім шығарып, экспортқа бағытталмақ.

«Қазақстанда ара шаруашылығының дамуына қажетті барлық жағдай бар. Біз мұндай жобаларды қолдауға дайынбыз. Бұл өндіріс қазақстандық балдың экспортын арттыруға әрі ЕО нарығына жол ашуға мүмкіндік береді», – деді Ермек Кенжеханұлы.

2024 жылы елде 5 мың тонна бал өндірілген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1 мың тоннаға көп. Өнімнің негізгі бөлігін Шығыс Қазақстан, Павлодар, Алматы, Түркістан, Абай және Жетісу өңірлері береді.

Мемлекет омарташыларға қолдау көрсетіп отыр: 2025 жылдан бастап сатылған әр килограмм балға 200 теңге субсидия төленеді. Сондай-ақ, 2024–2026 жылдарға арналған ғылыми бағдарлама аясында аралардың генофондын сақтау мен экологиялық таза өндіріс технологияларын енгізуге қаржы бөлінген.

Ференц Фульмер Қазақстандағы ара шаруашылығының әлеуетін жоғары бағалап, ұзақ мерзімді әріптестікке дайын екенін айтты. Aranynektár Kft – жылына 4 мың тоннаға дейін өнім өндіретін Венгриядағы ірі бал өндіруші және оның 80%-ын Еуропа, Таяу Шығыс пен Азияға экспорттайды.