Шымкентте әкім орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасаған Ернар Жиембайға сот үкімі шықты. "Тұрғын үй Шымкент" мекемесінің бұрынғы директоры 9 жылға бас бостандығынан айырылды. БАҚ-та сотталушының суреті пайда болды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

"Адам өлтіруге оқталу" бабымен сотталған ер адам үкіммен келіспейді.

"Үкіммен келіспеймін. Өлтіру ниетім болмаған. Руслан Арысбекұлының "мені өлтірмек болдың" деп қорқыныштан айтқан сандырағы деп ойлаймын. Өздеріңіз видеодан көргеніңіздей, мен өлтірер болсам, ол кісіні қаштырмас едім", — дейді Ернар Жиембай.

Берденовке жасалған шабуыл

Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.

Кейінірек күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мамырда Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов шабуылдан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады.

Сот отырысы

Атышулы іс бойынша басты сот отырысы екі апта бұрын басталған еді. 20 тамызда Ернар Жиембай орташа қауіпсіздік мекемесінде 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот сотталушыны жәбірленушінің пайдасына 30 АЕК (117 960 теңге) төлеуге міндеттеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget