Бұл туралы QazTrade экспортты дамыту жөніндегі бірыңғай оператордың баспасөз қызметі хабарлады.
2025 жылдың алғашқы алты айында қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 38,3% ұлғайып, 3,2 млрд долларға жетті. Көшбасшы өнім дәстүрлі түрде 779,8 млн доллар көрсеткішпен бидай болып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Күнбағыс майының экспорты едәуір өсті, ол 339,6 млн долларға жетті. Тұрақты сұраныс мал азығына (244,8 млн доллар), бидай ұнына (210,2 млн доллар) және арпаға (177,1 млн доллар) сақталады.
Жалпы, елдің сыртқы сауда айналымы бірінші жарты жылдықта 66 млрд долларды құрады. Экспорт бұл ретте 36,82 млрд долдар, ал импорт 29,14 млрд долларға жетті.
2025 жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстанның негізгі сауда әріптестері Еуропалық Одақ елдері болды, олардың үлесіне барлық тауар айналымының 33,6% — ы тиесілі. Екінші маңызды нарық – Қытай (22,6%), одан кейін Ресей (18,2%), Түркия (3,7%) және Өзбекстан (3,2%).
QazTrade тарифтік және тарифтік емес шаралар тобының бас менеджері Жомарт Махамбеталиев атап өткендей, экспорт құрылымында агроөнеркәсіптік кешеннің үлесі 8,2%-ға дейін өсті.
"Экспорт құрылымында мұнай мен мұнай өнімдері (61,3%), металдар мен олардан жасалған бұйымдар (12,6%) басым болып отыр, ал агроөнеркәсіптік кешеннің үлесі 8,2%-ға дейін өсті. Бұл деректер ауыл шаруашылығы Қазақстан экономикасының өсуі мен әртараптандыруының драйверлерінің біріне айналатынын растайды", – деді QazTrade тарифтік және тарифтік емес шаралар тобының бас менеджері Жомарт Махамбеталиев.