Әр үшінші респондент барлық тіл тобының құқығын тең сақтай отырып, тіл алуандығын дамытуды қолдайды.
2025 жылдың 24 шілдесінен 9 тамызына дейінгі аралықта DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониториң жүргізу бюросы ел азаматтары арасында «Тіл саясатының тиімділігі және қазақ тілін дамыту» тақырыбында сауалнама жүргізді. Жобаны MediaNet Халықаралық журналистика орталығы PAPERLAB зерттеу орталығымен ынтымақтаса отырып, Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асырды. Информбюро порталы зерттеу қорытындысын ұсынады.
Мейлінше қолайлы тіл саясатын бағалауға келгенде қазақстандықтардың пікірі теңдей бөлінді деуге болады: әр үшінші респондент (33,8%) барлық тіл тобының құқығын тең сақтай отырып, тіл алуандығын дамытуды қолдайды, үштен біріне жуығы (30,8%) орыс және ағылшын тілдерінің рөлін сақтай отырып, қазақ тілін белсенді дамыту қажет деп санайды.
Мансап жолы мен кәсіби қызметтегі тілдің қажеттілігі деген негізгі көрсеткіш бойынша қазақ тілі көш бастауы – маңызды жайт. Азаматтардың басым көпшілігі (80,1%) қазақ тілін білу қажет деп көрсеткен. Респонденттердің үштен бірінен астамы (35,5%) орыс тілі маңызды десе, 23,8%-і ағылшын тілін көрсеткен. (Еск. Бұл сұраққа жауап бергенде бір немесе екі нұсқаның бірін таңдауға мүмкіндік берілді).
Сауалнамаға қатысушыларға қазақ тілін дамыту саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін бес балдық шкаламен бағалау ұсынылды, мұндағы 5 өте тиімді болса, 1 мүлдем тиімсіз дегенді білдіреді. DEMOSCOPE сауалнамасы респонденттердің жартысына жуығы (47,2%) қолданыстағы тіл стратегиясын өте тиімді деп бағаласа, 18,2%-і тиімді деуге болатын шығар деп жауап бергенін көрсетті. Ал жалпы қазақстандықтардың 28,5%-і қолданыстағы мемлекеттік тілді дамыту саясатын нәтижесіз деп есептейді. Оның ішінде 4,5%-і мүлдем тиімсіз десе, 24%-і жеткілікті деңгейде тиімді емес дейді.
Оқи отырыңыз: Базар жоқ! Құрсын! Қасқа! Әлеуметтік желіде ең көп қолданылатын сленгтер қандай
Бір айта кетерлігі, бұл мәселеде қарым-қатынас тілі тұрғысынан корреляция бар. Қазақ тілін дамыту саясатының тиімділігіне мейлінше қанағаттанбау орыстілді респонденттер арасында байқалды (33,6%). Қазақша да, орысша да білетіндер арасында мемлекеттік тіл саясатын дамытуға көңілі толмайтындардың үлесі – 24,1%. Ең төменгі көрсеткіш қазақтілді респонденттер арасында – 19,4%.
20 жылға жуық жүрген мұндай үш тұғырлы тіл үлгісінің нәтижесін табысты болды деу немесе қазақстандықтардың көпшілігі күнделікті басшылыққа алған бағдар болды деу қиын. Әйтсе де, сауалнамаға қатысқандардың жартысы (50,7%) үш тұғырлы тіл идеясы Қазақстан үшін әлі де өте өзекті деп санайды. 32,8%-і өзекті шығар десе, 12,7%-і өзекті емес шығар және мүлдем өзекті емес деп есептейді.
Ал мемлекеттік тіл саясатының негізгі міндетінің бірі – қазақ тілінің мәртебесін нығайту және оның дамуына жағдай жасау. Сауалнама барысында мемлекеттік тілдің дамуына бөгет болып отырған кедергілер туралы сұрақ болды, азаматтардың пікірі мынадай (бірнеше жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік берілді):
- Кәсіби оқытушылар жеткіліксіз (26,4%);
- Халықтың қазақ тілін үйренуге ынтасы төмен (23,9%);
- Сапалы оқу құралдары мен тіл орталықтары тапшы (21,5%);
- Оқыту әдістемесі тиімсіз (16,3%);
- Қазақстан Ресейдің ақпарат кеңістігіне көп ереді (15,7%);
- Тіл саясатын жүзеге асыру барысындағы жемқорлық (12,2%);
- Тілдің қолданыс аясының шектеулі болуы (9,2%);
- Ешқандай кедергі жоқ (17,4%).
Бір қызығы, мемлекеттік тілді дамыту мәселесін қабылдауда да респонденттердің жауап беру тіліне байланысты айтарлықтай айырма байқалды. Атап айтқанда, кәсіби оқытушылар жеткіліксіз деп санайтын орыстілділердің үлесі – 34,1%, екі тілде де сөйлейтіндер 32,4% болса, мұндай жауапты белгілеген қазақтілділердің үлесі – 18,1%.
Қазақстанның Ресейдің ақпарат кеңістігіне араласу мәселесін қазақтілді азаматтардың 19,4%-і көрсетсе, екі тілде де сөйлейтіндердің 14,7%-і, ал орыстілділердің 8,4%-і ғана осы нұсқаны таңдаған.
Респонденттер қазақ тілін дамытуда қай шаралар мейлінше тиімді екенін де бағалады (бірнеше жауап нұсқасын таңдауға мүмкіндік берілді):
- Мектепте және жоғары оқу орнында оқыту сапасын жақсарту (39,8%);
- Мемлекеттік қызметшілер мен қызмет көрсету ұйымдарында тілді білу жөніндегі талапты күшейту (26,6%);
- Ересектерге арналған тегін курстар (25,3%);
- Мемлекеттік тілді дамытумен байланысты қоғамдық бастамаларға қолдау көрсету (21,1%);
- Қазақ тілін кино, музыка, медиа арқылы дамыту (19%);
- Қазақ тілін үйрететін мемлекеттік бағдарламаларды жемқорлыққа тексеру (15,0%);
- Көркем әдебиетті және арнаулы әдебиетті қазақ тіліне аудару (11,0%).
DEMOSCOPE бюросы респонденттер Қазақстанда қай тілдегі білім мейлінше сапалы деп санайтынын да сұрап білді. Жауап бергендердің көпшілігі (37,7%) қазақ тіліндегі білім сапалы деп санайды. Бестен бір бөлігі (23,3%) орыс тілінде сапалы білім беріледі десе, 4%-і ағылшын тілін көрсеткен. Ал респонденттердің 27,6%-і білім сапасының деңгейі оқу тіліне байланысты емес деп санайды.
Бұл сұрақ бойынша да респонденттердің тіліне байланысты айырмашылық байқалды. Сауалнамаға қатысқан қазақтілді азаматтардың 53,5%-і мемлекеттік тілде оқыту сапасы жоғары деп есептейді. Осы топтағылардың 7,9%-і ғана орыс тіліндегі білім мейлінше сапалы деп санайды. Керісінше, орыстілді респонденттердің 45,3%-і орыс тіліндегі білім сапасы жоғары десе, бұл топтағылардың 13,3%-і ғана қазақ тілінде оқытуды сапалы дейді. Қазақ тілін де, орыс тілін де меңгерген респонденттердің үштен бірі (33,5%) орыс тілінде білім сапасы жоғары десе, төрттен бірі (25,9%) қазақ тіліндегі білімді мейлінше сапалы санайды.