Алматыда мектептерінде жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

Қалалық білім басқармасының мәліметінше, 20 тамыздағы жағдай бойынша 1-сыныпқа 26 991 бала қабылданған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Олардың 57%-ы оқуын қазақ тілінде, 42%-ы орыс тілінде бастайды.

Ведомство басшысы Сайран Сайфеденов мектептің мемлекеттік тілде не аралас (қазақ/орыс) болуы ата-аналардың сұранысқа қарай шешілетінін атап өтті.

– 1 қыркүйекте 12 мектепті ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Оның 9-ы мемлекеттік тілде болады. Қалған үшеуі бойынша оқыту тілі қарастырылып жатыр. Әлі толықтай шешім қабылданған жоқ. Мектеп ашылатын кезде оқыту тілін таңдау мәселесі ата-аналардың сұранысы мен қажеттілікке тікелей байланысты шешіледі, – деді ол.

Сонымен қатар, білім басқармасының басшысы қазақ тілінде оқитын оқушылар саны өздігінен артып келе жатқанын атап өтті.

Айтуынша, 1990 жылы қазақ тілінде 11 мың оқушы білім алса, бүгінде олардың саны 177 мыңға жуықтады.