Сабақтар балабақшадан колледжге дейін барлық деңгейде жүргізіледі.

1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымдарында жеке қауіпсіздік сабақтары өтеді. Бағдарлама балаларды түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс әрекет етуге үйретіп, жеке қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауды дамытуға бағытталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сабақтар балабақшадан колледжге дейін барлық деңгейде жүргізіледі. Жас ерекшелігіне қарай мазмұны әртүрлі болады:

Балабақша – жедел қызмет нөмірлерін білу, ойын алаңындағы қауіпсіздік.

Бастауыш сыныптар – судағы және мұздағы қауіпсіздік, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас, қаңғыбас иттерден қорғану.

Орта буын – буллинг пен кибербуллинг, қауіпті интернет-әуестенулер, ұсыныстардан бас тарту, жауапкершілік сезімін қалыптастыру.

Жоғары сыныптар мен колледждер – қаржылық сауаттылық, алаяқтардан қорғану, онлайн-ойындардағы тәуекелдер, еңбек қауіпсіздігі, құқықтар мен міндеттерді білу.

Сабақтар әр аптада сынып сағаты аясында 10 минуттан өткізіледі және жылына үш рет қайталанады.

Бағдарламаны іске асыруда педагогтер мен психологтарға арналған вебинарлар ұйымдастырылып, полиция, ТЖМ және дәрігерлер тартылды. Интерактивті әдістер – анкета, бейнеролик, жобалар пайдаланылды.

"Тәжірибе көрсеткендей, бұл сабақтар балалардың мазасыздығын азайтып, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастырады", – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, жеке қауіпсіздік сабақтары 2023–2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында енгізілген.