Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда шетелдіктер депортациялануы мүмкін.

Ақ үй әкімшілігі АҚШ визасы бар 55 миллион шетелдік азамат тексерілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты

Қолында АҚШ-тың визасы бар шетелдіктердің визалық ережелерді бұзған-бұзбағаны анықталмақ. Егер заң бұзушылықтар анықталса, виза жойылып, азаматтар елден шығарылуы мүмкін.

Ішкі қауіпсіздік министрлігінің дерегінше, былтыр елде 12,8 миллион грин-карта иесі мен 3,6 миллион уақытша виза иесі тіркелді.

"Біз виза алған адамдарды тексеру кезінде барлық қолжетімді ақпаратты қараймыз. Оның ішінде құқық қорғау органдарының деректері, көші-қон жазбалары және виза берілгеннен кейін белгілі болған, адамның АҚШ-та болуына кедергі келтіруі мүмкін кез келген басқа мәліметтер де бар", – деп түсіндірді Мемлекеттік департамент.

Pew Research Center ұйымының зерттеуіне сәйкес, Дональд Трамп президент атанған кезде АҚШ-та 53,3 миллион мигрант болды. Маусым айына қарай бұл көрсеткіш 51,9 миллион адамды құраған.

Жуырда АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио шетелдік жүк көлігі жүргізушілеріне жұмыс визаларын беруді уақытша тоқтатқанын хабарлады.

Айта кету керек, бұған дейін АҚШ-та тұрақтап қалғысы келетін шетелдіктер жіті тексерілетінін жазғанбыз.