Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қазақстан Президенті бауырлас Қырғыз Республикасына ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.

– Бұл сапар екі ел арасындағы достық қатынастың дамуына тың серпін береді деп сенемін. Шын мәнінде, қазақ пен қырғыз – тілектес, бауырлас елдер. Біздің тарихымыз – тамырлас, салт-дәстүріміз бен таным-түсінігіміз, ұлттық болмысымыз ұқсас. Қос халықтың татулығы мен өзара құрметі ешқашан үзілген емес. Қазір де ықпалдастығымыз стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамуда. Біз барлық деңгейде өзара құрметке негізделген саяси диалог орнаттық. Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық кеңестеріміз табысты жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ өңіраралық байланыстарды дамытып жатырмыз. Жалпы, екі елдің арасында жан-жақты әрі тығыз ынтымақтастық орнаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің екіжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосқанына назар аударды.

– Мен мұны жоғары бағалаймын. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Қырғызстанда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Сіз халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамаларды жүзеге асырып келесіз. Ел экономикасының жыл басынан бері 11,7 пайызға өсуі – осының айқын дәлелі. Біз бауырлас елдің барлық жетістіктеріне қуанамыз. Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастықты барынша нығайтуға айрықша мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Садыр Жапаров шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын жеткізді.

– Сізді Қырғызстанда көрнекті мемлекет қайраткері және халықаралық деңгейдегі тәжірибелі дипломат ретінде біледі. Соңғы жылдары Сіздің қолдауыңызбен екі елдің қарым-қатынасы жаңа деңгейге өтіп, достығымыз бен бауырластығымыздың бекемделе түсуі бізді қуантады. Қазақ елі – біз үшін ерекше ел. Біздің мәмілелеріміз Тоқтоғұл мен Абайдай, Шыңғыс пен Мұхтардай аталарымыз салған ізбенен жалғасқан. Тарихи мұрамызды ұмытпай, келешек буынға жеткізуді негізгі мақсатымыз деп есептеймін. Өз тарапымнан өзара қарым-қатынасымызды одан әрі ілгерілетуге дайынмын. Біздің негізгі күшіміз – екі елдің ынтымағы мен бірлігі, – деді Қырғызстан Президенті.

Бұдан бөлек, келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзит, су, аграрлық және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Мәдени-гуманитарлық байланыстарды өрістетуге ерекше мән берілді. Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібі қарастырылды.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың төрағалығымен Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы өтті.

Мемлекет басшысы бауырлас қырғыз еліне шақырғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтып, бұл ресми сапарының мақсаты – қазақ-қырғыз байланысын нығайтып, өзара тиімді ынтымақтастықты күшейте түсу екенін жеткізді.

– Біз жоғары саяси диалогтың арқасында екі елдің ықпалдастығын жаңа сапалы деңгейге көтереміз. Мен бұған кәміл сенемін. Қасиетті Алатаудың қос қыраны сияқты қазақ пен қырғыз – ежелден еншісі бір, тағдыры ортақ ағайынды халықтар. Қиын сәтте бір-біріне демеу, қуанышты күнде тілеулес бола білген елдер. Тарихтың талай тезінен аман өткен достығымыз – ата-бабадан қалған аманат, ұрпақтан ұрпаққа берілген рухани қазына. Қазір қос халықтың арасындағы қарым-қатынас өзара сенім мен сыйластыққа негізделген берік әріптестікке ұласты. Екі елдің байланысы одақтастық рухында дамып келеді. Қырғызстан – Қазақстанның аймақтағы басты стратегиялық серіктесінің бірі. Екіжақты сауда-саттық көлемі шамамен 2 миллиард долларға жетті. Бұл көрсеткішті еселеуге барлық мүмкіндік бар. Инвестициялық ынтымақтастық жылдан жылға нығая түсуде. Соның арқасында түрлі бірлескен жобалар табысты жүзеге асырылды. Су-энергетика саласында өзара үйлесімді жұмыс атқарылып жатыр. Мәдени-гуманитарлық саладағы байланысымыз да күшейіп келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміз Қырғызстанмен ықпалдастықты тереңдете түсуге айрықша көңіл бөледі.

– Былтыр Одақтастық қатынастарды кеңейту туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін біз Ынтымақтастықтың кешенді жоспарын қабылдаймыз. Осы маңызды қадамдар қазақ-қырғыз байланысын дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Екі елдің үкіметтері бұл жоспарда көрсетілген мақсат-міндеттерді басшылыққа алуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.