Елорда тұрғыны өзін ауқатты кәсіпкер ретінде таныстырып, 4 жәбірленушіні іскерлік ынтымақтастықты сылтауратып, автонесие алуға көндірген.

Астанада ер адам өзін табысты кәсіпкер ретінде көрсетіп, 4 адамға іскерлік ынтымақтастық мақсатында автонесие алуға көндірген. Артынша несиелерді төлемей ізін суытқан күдіктіге сот үкімі шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Прокуратура мәліметінше, ер адам несиеге алынған көліктерді Ресейге сатып, пайда тапқан. Ол жәбірленушілерге несиені өзі төлейтінін айтып, көліктерді бизнесте пайдалануға уәде берген.

Бірақ көп ұзамай көліктерді Ресей Федерациясына тасымалдап, сатып түскен қаражатты өз қажеттілігіне жұмсаған.

Ал астаналық 4 тұрғын банк алдында қарыздар болып қалады. Келтірілген шығын көлемі 270 млн теңгеден асады.

Сот ер адамды кінәлі деп тауып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.