Абай облысының Үржар ауданында болған жол апатынан қаза тапқан үш бүлдіршін жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Жетінші арнаға сілтеме жасап.

Марқұм болған екі қызды Жарма ауданының Жалғызтөбе ауылында жерлеген, ал екі жарым жастағы ұл бала Елтай ауылында жерленді. Қаралы рәсімге туған-туыстарымен бірге ауыл тұрғындары және жергілікті билік өкілдері қатысты.

Алайда дәл осы сәтте ананың кенжесімен қоштасуға мүмкіндігі болмаған. Ол жол апатынан аман қалған екі баласының қасында, Астана қаласында. Балалардың жағдайы тұрақты деп бағаланғанымен, жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.

Сондай-ақ апат кезінде туған әпкелерінен айырылған тоғыз жастағы тағы бір бала аудандық ауруханада ауыр халде жатыр.

«Бас сүйегіне трепанация жасалды. Қазір жағдайы өте ауыр, ешқандай өзгеріс жоқ. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Дәрігерлер болжам айтуға асықпай отыр», – деді аудандық аурухана басшысының орынбасары Мадина Ноғайбаева.

Ал оқиғаға кінәлі деп танылған күдікті қамауға алынған. Жүргізушінің ұлы әкесінің жағдайына байланысты пікір білдірді:

«Әкемді әлі көрген жоқпын. Денсаулығы нашар, жүрек талмасы ұстап қалған. Оқиға әп-сәтте болды. Бұл – баршаға ауыр қайғы. Көңіл айтып, кешірім сұрадық», – деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін Абай облысында көлік бір топ баланы қағып, үш бүлдіршін қаза тауып, тағы үшеуі түрлі жарақат алғаны хабарланған еді.