Әлемнің түкпір-түкпірінде бой ұзарту отасы барған сайын танымал бола бастады. Адамдар бірнеше сантиметр қосу үшін қыруар ақша төлейді. Бұл "азаптау" сияқты көрінгенімен, науқастар мұны орынды құрбандық деп санайды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі The Guardian басылымына сілтеме жасап.

Көп ер адам бойына көңілі толмағандықтан, дәрігерге жүгінеді. Бір науқас: "Менің бойым 170 см, өзімді аласа сезіндім", – деп мойындаған. Алайда мұндай қадамға 180 см-ден асатын ерлер де барады.

"Қазір тіпті бойы ұзын ер адамдарда да комплекстер бар. Қазіргі сән — бойдың 193 см болуы. Әйтпесе ешкімге көрінбейтін сияқтысың", – деді тағы бір науқас.

Қымбат әрі қауіпті ота

Аяқ ұзарту отаcы өте күрделі және қымбат. Мұндай қызмет ұсынатын ең танымал клиникалардың бірі Түркияда. Арзан бағаға қызыққан адамдар бұл клиникаға әлемнің әр түкпірінен ағылып келеді. Науқастардың басым бөлігі – ер адамдар.

The Guardian мәліметінше, Ыстанбұл шетіндегі бір қонақүйде шамамен 20 науқас күндіз-түні бұлшық еттері мен сіңірлерін созып, "өзгерісіне" бейімделіп жүр.

Ота екі кезеңнен тұрады. Алдымен науқастың сан сүйектерін сындырып, металл өзектер мен бекіткіштер орнатады. Үш айдан кейін екінші ота жасалып, бұл бекіткіштер алынады.

Қалпына келу жолы

Сан сүйектеріне салынған металл өзектер арнайы кілттің көмегімен ажыратылып, кеңейтіледі. Жаңа сүйек өте баяу, миллиметрлеп өседі. Кілттің әр бұралуы – адамның қаншаға өсетінін анықтайды. Дәрігерлер күніне төрт реттен артық бұрамауға кеңес береді.

Науқастар физиотерапиядан өтіп, қайтадан жүруді үйренеді, қан ұйюына қарсы дәрілер ішеді, массаж қабылдайды, ауырсынуды басатын дәрілерге тәуелді болады.

Дәрігерлер адамдарды тым көп сантиметр қосудан сақтандырады. Себебі қатаң тәртіпті сақтамау қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін: қан ұйюы, буын аурулары, сүйек тінінің баяу өсуі, қан тамырларының зақымдануы, тыртықтар мен созылмалы ауырсыну. Бұл кейде мүгедектікке, тіпті өлімге әкеп соқтырады.

Былтыр Сауд Арабиясынан келген бір әйел аяқ ұзарту отасынан кейін 16 күн өткен соң көз жұмды. Сауд билігі жүргізген тергеу хирург тарапынан ешқандай заңбұзушылық таппады.

Әлем бойынша бұл отаны жыл сайын қанша адам істейтіні туралы нақты статистика жоқ. Дегенмен, бір үнді зерттеу компаниясы 2030 жылға қарай аяқ ұзарту индустриясының көлемі 8,6 млрд доллар болатынын болжады.

Аяқ сүйегін әдейі сындырып, оларды ұзарту немесе қысқарту әдісінің негізін 1951 жылы кеңес хирургі Гавриил Илизаров қалаған.

Бүгінде аяқ ұзарту Ұлыбританиядағы Корольдік ұлттық ортопедиялық аурухана (NHS) сияқты мекемелерде де қолжетімді. Бірақ ол жақтағы шамамен пациенттердің көбі жарақаттан кейінгі емдеуден немесе сүйек деформациясын түзетуден өтеді. Ал екі аяғын бірдей ұзартатындар өте сирек.

Қытайдың Денсаулық сақтау министрлігі 2006 жылы әдемілік үшін аяқ ұзартуды ресми түрде тыйым салған. Себебі бұл науқастардың өміріне қауіп төнген. Дегенмен, басқа елдерде бұл тәжірибе әлі бар, бірақ бағасы өте қымбат.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget