Жарыстың жүлде қоры 45 000 АҚШ долларын құрады .
Болгарияның Панагюриште қаласында үстел теннисінен халықаралық "WTT Feeder Panagyurishte 2025 Presented by Asarel" турнирі өтті.
Бәсеке 21–24 тамыз аралығында әйгілі Arena Asarel спорт кешенінде ұйымдастырылды. Турнирді Халықаралық үстел теннисі федерациясы (WTT) Болгария үстел теннисі федерациясымен бірлесе өткізді.
Бұл дода 2025 жылғы WTT Feeder сериясының 12-ші кезеңі болып саналады. Оған Болгария, Аустрия, Бельгия, Германия, Үндістан, Италия, Ирак, Қазақстан, Корея, Молдова, Румыния, Словакия, Сербия, Қытай Тайбэйі, Украина, Франция және Жапониядан келген спортшылар қатысты.
Турнир бағдарламасында жеке, жұптық және аралас жұптық сайыстар болды. Ережеге сәйкес, әлемдік рейтингтің үздік 30 спортшылары қатыса алмайды, ал 31–50 орын арасындағы ойыншылардан шектеулі түрде қабылданады. Бұл жүйе жас таланттарға мүмкіндік беріп, жарысты барынша тартысты етуге бағытталған.
Қазақстан құрамасы сапында Зәуреш Ақашева, Дастан Кенжигулов, Сарвиноз Миркадирова, Владислав Захаров, Жанерке Қошқумбаева, Санжар Жұбанов, Искендер Харки және Ирисбек Артуқметов өнер көрсетті.
Қазақстандықтар арасында ең үздік нәтиже көрсеткен Зәуреш Ақашева болды. Ол Италия спортшысы Мириам Карновалені 3:1, Словакия өкілі Доминика Вильчкованы 3:0, Иран спортшысы Шима Сафаэиді 3:2 есебімен жеңіп, Украина спортшысы Анастасия Димитренкодан 1:3 есебімен ұтылды. Нәтижесінде Зәуреш турнирдің қола жүлдегері атанды.
Сонымен қатар ширек финалға дейін Жанерке Қошқумбаева (жеке сын), Владислав Захаров/Дайто Оно (жұптық сын), Зәуреш Ақашева/Сарвиноз Миркадирова (жұптық сын), Жанерке Қошқумбаева/Элина Рахими (жұптық сын), Искендер Харки/Сарвиноз Миркадирова (аралас жұп) жетті.
"WTT Feeder Panagyurishte 2025" жарысы жас спортшыларға халықаралық тәжірибе жинауға, рейтинг ұпайларын алуға және үлкен додаларға жол ашуға мүмкіндік беретін маңызды жарыс екенін айта кетейік.