Президенттің тапсырмасы бойынша шикізаттық емес экспортты кеңейту және әртараптандыру мақсатында «бір терезе» қағидаты аясында барлық қаржылай құралдарды ұсынатын Экспорттық-кредиттік агенттік құрылды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы жеті айында экспорттаушыларға көрсетілген қолдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 200 млрд теңгеге өсіп, 394 млрд теңгеге жеткен. Қаржыландырылған жобалардың 71%-ын шағын және орта бизнес өкілдері құрап отыр. Сонымен қатар орташа және жоғары қайта өңделген өнімдердің үлесі 83%-ға дейін көтерілген.
«Қазақстандық тауарларды сыртқы нарықта ілгерілетуді күшейту үшін халықаралық инфрақұрылым қалыптастырылып жатыр. Қытай провинцияларында серіктестік кеңселер, өкілдіктер және ұлттық павильондар іске қосылуда, соның ішінде ондай нысандар Чэнду, Үрімші, Нанкин және Шандун провинцияларында бар. Өзбекстанда «Термез» халықаралық сауда орталығының аумағында қазақстандық өнімдердің сауда павильоны жұмыс істеп тұр. Экспортты ілгерілету бойынша жұмыс БАӘ, Түркия, Үндістан, Иран және Қытайда қарқынды жүргізіліп жатыр», деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Бұған қоса, жаңа нарықтарға шығу үшін сауда-экономикалық миссиялар өткізіліп, қазақстандық тауарларды халықаралық электрондық сауда алаңдарына орналастыру жұмыстары белсенді атқарылып жатыр. Бұл қатарда jd.com, Doiyin, Alibaba сияқты ірі платформалар бар.