"Білімді біріктіріп, болашақты құрамыз " тақырыбындағы IFLA Әлемдік кітапхана және ақпарат конгресі алғаш рет Орталық Азияда өтті.
Кітапхана ісіндегі ең ірі халықаралық шараны өткізу құқығы Kazakh Tourism әзірлеген өтінім негізінде, ҚР Туризм және спорт министрлігі, Astana Tourism және ЖОО кітапханалары қауымдастығының қолдауымен берілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
IFLA (International Federation of Library Associations) – кітапхана саласындағы ең ірі халықаралық ұйым, ол озық тәжірибені зерделеп, жаһандық стандарттар әзірлейді және кәсіби қауымдастықтарды дамытады.
Конгреске ұлттық кітапханалардың басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, академиялық және ғылыми ортадан келген мамандарды қоса алғанда, 114 елден шамамен 1700 делегат қатысты. Ең ірі делегациялар қатарында АҚШ, Қытай, Корея Республикасы және Германия болды. Барлық қатысушылардың төрттен бір бөлігіне жуығы Еуропа елдерінен келді.
Конгресс аясында әлемнің әртүрлі елінен 29 компания қатысқан халықаралық көрме өтті. Қатысушылар арасында ISSN Халықаралық орталығы, Американдық кітапхана қауымдастығы, Король Абдулазиз атындағы Қоғамдық кітапхана, Мұхаммед бин Рашид әл-Мактум кітапханасы қоры, сондай-ақ Taylor & Francis, Springer-Verlag сынды жетекші ұйымдар мен баспалар бар.
"IFLA алғаш рет Конгресті Орталық Азияда өткізіп отыр, биыл бізде бұл шараға алғаш рет келген делегаттардың үлесі ең жоғары болды. Біз бұл Конгресті кітапхана-ақпараттық қызметтердің тұрақты дамуының ұлттық стратегиясын әзірлеуге, кәсіби дамуға жағдай жасауға және қазақстандық кітапханалардың жаһандық кәсіби желіге одан әрі ықпалдасуына түрткі болатын маңызды алаң ретінде қарастырамыз", – деді IFLA президенті Вики Макдональд.
Төрт күн бойы Конгресс алаңында кітапхана саласындағы заманауи үрдістер, цифрлық инновациялар және тұрақты даму мәселелері талқыланды. Бағдарламада жасанды интеллект, үлкен деректер, цифрлық кітапханалар, инклюзия және қорларды сақтау тақырыптарына арналған 86 сессия мен 15 қосымша іс-шара өтті. Конгресс кітапхана және баспа ісіндегі инновациялық шешімдерді ұсынып қана қоймай, ақпарат пен білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты да нығайтты.