Baykar табысының 90 пайызы экспорттан түседі.
Түркия соққы беретін ұшқышсыз ұшу аппараттарын экспорттау бойынша әлемдік нарықтың 65 пайызын қамтып отыр. Бір ғана Baykar компаниясы 37 елге дрон тасымалдайды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты АЗЕРТАДЖ басылымына сілтеме жасап.
Бұл туралы Baykar компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Сельчук Байрактар айтты.
"Біз ұшқышсыз аппараттар тасымалдай алатын оқ-дәрілердің кең ауқымын ұсынамыз, біздің өнім басқалардан осынысымен де ерекшеленеді", — деді ол.
Сельчук Байрактар Bayraktar TB3 атты соққы беретін жаңа дронның мүмкіндіктеріне де тоқталды. Бұл аппарат кемелердің қысқа ұшу-қону жолағын пайдалана алады.
"Бұл мәселеде әлемдік өндірушілер, оның ішінде АҚШ компаниялары да өзара бәсекеге түскен еді. Түркия бұл жобаны сәтті жүзеге асырған алғашқы ел атанды. Bayraktar TB3 түрлі ауа райы кезінде теңіз кемелеріне 170 рет автоматты түрде ұшып-қонды", — деді Сельчук Байрактар.
Компания басшысының сөзінше, Baykar пайдасының 90 пайызы экспорттан түседі.