Аншлаг! УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде өтетін «Қайрат» пен «Селтик» арасындағы қарымта матчқа билет жоқ. Бүгін Еуропа футбол қауымдастықтарының одағы тарабынан резервтен 1000 билет қайтарылды. Ал сағат 13:00-де билеттер ресми сатылымға шығып, алғашқы минуттарда-ақ таусылып қалды. Бағасы шамамен – 5000 мен 15000 теңге аралығында болады. Алдына ала болжам бойынша, стадион лық толы болады. Кездесуді көзбе-көз 23 мыңдай адам тамашалай алады. Матч болатын күні 2 мыңдай тәртіп сақшысы кезекшілікке шығады. Ұйымдастырушылар әр жанкүйерге тек бір билеттен ғана рәсімдеуге болатынын алдын ала ескертті. Сонымен қатар алыпсатарлардан алынған билеттер жарамсыз деп танылады. Егер стадионға кірер кезде жеке басын куәландыратын құжаттағы деректер билеттің иесімен сәйкес келмесе, жанкүйер стадионға кіргізілмейді. Клуб мәліметінше, ресми сайт пен Ticketon арқылы сатып алынған билет жанкүйерлердің электрондық поштасына тек матч күні жолданады. Әлеуметтік желілерде немесе үшінші тараптан тараған скриншоттар мен суреттер жарамсыз болады. Стадионға бара алмаған жанкүйерлер ойынды 21:45-те «Qazsport» телернасынан көре алады.

Асылбек Данияр