Қызылордада 25 жастағы Айзат Болатбек дәрігерлердің әрекетіне наразы. Ол енді ана болу мүмкіндігінен айырылып қалғанын айтып, ешкімнің рұқсатынсыз жатырын алып тастаған ақ халаттылардың жауапқа тартылуын талап етуде, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Информбюро жаңалықтарына сілтеме жасап.
Айзаттың айтуынша, ай-күні жетіп перзентханаға өз аяғымен барған. Алайда дәрігерлер толғақ қысқан келіншекті 11 сағат бойы қинап, дер кезінде көмек көрсетпеген. Қызын босанған соң, қатты қан кетіп, ауыр халге түскен. Соның салдарынан дәрігерлер оның рұқсатынсыз жатырын алып тастапты.
«Алты сағаттық операциядан кейін мәңгілікке ана болу мүмкіндігінен айырылдым. Менің рұқсатымсыз жасалды бұл қадам. Анам да, туыстарым да жанымда болды, бірақ ешқайсысынан келісім сұрамады. Мұның бәріне дәрігерлерді кінәлаймын», – дейді ол.
Бұл жағдайға байланысты полиция қылмыстық іс қозғағанымен, тергеу бір жылдан бері созылып келеді. Осы уақыт ішінде бес тергеуші ауысқан, бірақ істің соңы әлі жоқ.
Қызылорда қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Абдулахат Атакаевтың айтуынша, іс Қылмыстық кодекстің 317-бабы 2-бөлігі бойынша қаралып жатыр. Бірнеше сараптама тағайындалған, бірақ қорытындылары әлі толық шықпағандықтан тергеу ұзап кеткен.
Ал Айзат Болатбек болса, істің әділ шешілмей қала ма деп алаңдайды. Ол бір жылдан бері табалдырық тоздырып жүрсе де, нәтиже болмай отырғанын айтады.