Үкімет отырысында 2026–2035 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму болжамы қаралды. Құжатты Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Вице-премьердің айтуынша, болжам үш сценарий бойынша жасалған: базалық, қалыпты және балама. Негізгі нұсқада алдағы он жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 4,5%-ды құрап, 2035 жылға қарай номиналды көлемі 473,2 трлн теңгеге жетеді.

Сондай-ақ құжатта мемлекеттік бюджет кірісі 2035 жылы 66,8 трлн теңгеге дейін өсетіні көрсетілген. Шикізат секторына тәуелділікті төмендету үшін Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт көлемі 2029 жылдан бастап кезең-кезеңімен қысқарып, 2 трлн теңге деңгейінде белгіленеді.

«2035 жылы мемлекеттік бюджеттің кірісі 66,8 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Кепілдендірілген трансфертті 2029 жылдан бастап 2 трлн теңгеге дейін төмендету көзделген. Бюджет тапшылығы 2029 жылы ЖІӨ-нің 0,4%-ға дейін біртіндеп төмендеумен және 2030 жылдан бастап нөлдік деңгейге жетумен айқындалды», деді Серік Жұманғарин.