Шілдеде инфляция 11,8% деңгейінде болды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияны тұрақтандыру үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Биыл шілде айының қорытындысы бойынша инфляция 11,8% болды. Бұл – сыртқы тұрақсыздыққа, баға мен салық реформаларына, ақша массасының ұлғаюына байланысты.
Тимур Сүлейменов инфляцияны тұрақтандыру үшін бірқатар шаралар қабылданып жатқанын айтты.
"Ұстамды қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу. Бұл теңгедегі активтер мен жинақтардың тартымдылығын сақтауға, тұтыну көлемін төмендетуге арналған. Фискалдық тәртіпті арттыру: Жаңа Бюджет және Салық кодекстері қабылданды. Мақсат – мемлекет қаржысының тұрақтылығын нығайту және бюджеттің Ұлттық қортрансферттеріне тәуелділігін азайту. Сонымен қатар, "Инфляцияны төмендету шаралары кешені" атты мемлекеттік құжат жаңартылуда. Яғни, мемлекет қаржысының тұрақтылығын арттыруға бағытталған бірлескен жол картасы дайындалып жатыр. Макро және микропруденциалдық шаралар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге тұтынушылық кредиттеу ісін реттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Тұтынушылық кредиттеу бойынша капиталдың контрциклдік буфері енгізілді", – деді ол.
Оның сөзінше, Ұлттық банк Үкіметпен бірге тарифтер мен баға саласындағы реформалардың қарқынын икемді түрде бейімдеу мәселесін талқылап, ортақ келісімге келген.
"Ақша-кредиттік реттеу аясындағы қосымша шаралар. Алтын сатып алу кезінде валюталық операцияларды жүргізіп отырмыз. Биыл 7 ай ішінде 1,7 трлн теңге нарықтағы ақшалай өтімділік алынды, жыл қорытындысы бойынша бұл операцияларды шамамен 3 трлн теңгеге жеткіземіз. Ең төменгі резервтік талаптар да көтеріліп жатыр. Ол шамамен 3 трлн теңгені айналымнан шығарып, ақша-кредит саясаты құралдары бойынша шығынды азайтуға, ақша базасын қысқартуға және дезинфляциялық әсерді күшейтуге мүмкіндік береді", – деді Ұлттық банк төрағасы.