Дәрігерлер Бестеректе жол апатынан зардап шеккен қыздың жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр. Қазір ол Семейде ем қабылдап жатыр, ол жаққа санитарлық авиациямен жеткізілген, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Науқас облыс орталығында ем қабылдап жатыр. Мамандардың айтуынша, оның жағдайы әлі де ауыр, Астанаға жеткізу туралы әзірге сөз қозғалған жоқ.

"Науқас комада, ӨЖЖ-мен сәйкестендіру үшін медикаментозды түрде қолдау көрсетіліп отыр. Жағдайы өте ауыр, тұрақты. Динамикалық бақылауда – нашарлау жоқ. Астанаға көшіруді әзірге жоспарламаймыз. Телемедицина арқылы Астанамен тұрақты байланыстамыз", – деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков.

Ал осы уақытта Үржарда балалар қаза тапқан және зардап шеккен жол апатына қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Апатқа кінәлі жүргізушінің көлік басқаруға тыйым салынған диагнозы болған.

"Медициналық құжаттарға сәйкес, жүргізуші 2013 жылдан бері дәрігер-невропатологтың диспансерлік есебінде "эпилепсия" диагнозымен тұр. Соған қарамастан, 2020 жылы оған B, B1, C, C1, D, D1, BE, C1E, CE, D1E, DE санаттары бойынша көлік басқару құқығын беретін жүргізуші куәлігі берілген", – деп мәлімдеді Абай облыстық сотының баспасөз қызметі.

Сот мәліметінше, 2025 жылғы сәуірде Үржар аудандық прокуратурасы психиатр, нарколог немесе невропатологтың есебінде көлік жүргізуге тыйым салынатын диагноздарымен тұрған 62 адамның жүргізуші куәліктері бар екенін анықтаған. Прокуратура олардың көлік жүргізу құқығынан айыруды талап еткен.

Іс бойынша талапкер – Абай облысының полиция департаменті. Іс материалдарында "эпилепсия" диагнозы көлік басқаруға қарсы көрсетілім екені жазылған. Сот материалдарды қарап, шешім қабылдады: 2020 жылы берілген жүргізуші куәлігі жарамсыз деп танылды, жауапкерден мемлекеттік баж өндірілді. Көлік жүргізу құқығынан айыру туралы шешім дереу күшіне енеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget