Зауытта жылына 150 мың тонна жүгері өңделеді .

Түркістан облысында "Казкрахмал" ЖШС жүгеріні терең өңдеу жобасын жүзеге асыруды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазіргі таңда шикізатты қабылдау, кептіру және сақтау кешендері іске қосылды. Өндірістік қуаттарды енгізу және қалдықсыз өңдеу технологиясын қолдану жұмыстары жүргізілген.

"2025 жылы крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза сиропы, жүгері майы, глютен, кебек және түйіршіктелген құрамажемді қоса алғанда 20-дан астам өнім түрін шығару жоспарланған. Өндірісте тек генетикалық түрлендірілмеген жүгері пайдаланылатын болады", – деп атап өтті министрлік.

Жалпы инвестициялар көлемі 35 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорынның өнімдері ішкі нарықта да, сондай-ақ Азия мен Еуропа елдерінде де сұранысқа ие болады.

Жобаны іске асыру Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын жаңа деңгейге көтереді.