ҚР Конституциясы – әр азаматтың құқығы мен бостандығының кепілі.

18 этномәдени бірлестігі мен 80-нен аса ұлт өкілі бар Атырау өңірі үшін Ата Заңның бірлік пен татулықты насихаттаудағы маңызы зор. Ассамблеяның ұйымдастыруымен өткен «Ата Заң – ұлттың темірқазығы» тақырыбындағы дөңгелек үстелде заңгерлер, саясаттанушылар, этномәдени бірлестік және Аналар Кеңесінің мүшелері Конституцияның саяси жаңғыру мен демократиялық институттарды нығайтудағы маңызын талқылады. Сонымен қатар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесі туралы айтылды. «Президенттік басқару жүйесін дамыта отырып, Парламенттің жұмысын күшейтуде де Ата Заңның рөлі ерекше»,- дейді жиынға келген заңгерлер. Сондай-ақ енгізілген әр өзгерістің ел дамуына қосар үлесі мол екенін айтады.

Жанат Шаяхметова, Заң ғылымдарының кандидаты:

- Конституцияға әр түрлі өзгерістер енгізу арқылы оның маңыздылығы жойылған жоқ па деген де заңды сұрақ туындап жатыр. Дегенмен әрбір енгізіліп жатқан өзгерістер, қосымшалар, бәрі негізгі қажеттіліктен туындап отыр. Әрбір Қазақстан азаматы өзінің құқығын, бостандықтарын қорғау мәселесін Конституцияға негіздеуге тиісті.