Бұл туралы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Серік Әшіров айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Заң бұзушылықтар саны 2020 жылмен салыстырғанда үш есеге азайғанымен, бұл мәселе әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Қостанай, Алматы, Абай, Жамбыл және Павлодар облыстарында әлі де бұзушылықтар болып жатыр. Олар көп жағдайда педагогке тән емес жұмыстарға тарту бойынша, педагогтердің ар-намысына тию, яғни балағаттау бойынша, концерт билеттерін сатып алуға және әртүрлі шараларға көрермен ретінде қатысуға мәжбүрлеу бойынша тіркелген, – деді ол ҚР Оқу-ағарту министрлігінде өткен кеңесте.

Сондай-ақ, спикер елімізде мұғалімдер арасында жасырын сауалнама жүргізілгенін және оның нәтижесін айтты.

– Комитет осы жылдың шілде-тамыз айларында педагогтер арасында "Педагог мәртебесі туралы" заң нормаларының сақталуы туралы қысқаша анонимді сауалнама жүргізді. Респонденттер "Педагог мәртебесі туралы" заң нормаларының бұзылу фактілері бар деп жауап берген. Олардың ең көп үлесі Павлодар, Түркістан және Алматы облыстарында, – деді Комитет басшысы.

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың басшылығымен өткен жиналысқа облыс әкімдерінің орынбасарлары, қала және аудан әкімдері, сондай-ақ білім басқармалары мен бөлімдерінің басшылары онлайн қатысты.

Онда жергілікті атқарушы органдардың басшыларына ҚР "Педагог мәртебесі туралы" Заңның негізгі нормалары түсіндірілді.