Алматылық «Қайрат» футбол клубы плей-офф раундының қарымта матчында шотландиялық « Селтикті » өз алаңында жеңіп, Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматылық «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Алматылықтар «Селтикті» пенальти сериясында қапы қалдырды.
Алматыда өткен кездесуде қос команда бір-біріне лайықты қарсылас болды. Негізгі уақыт пен қосымша таймдарда есеп ашылмай, ойын 0:0 нәтижесімен аяқталды. Жеңімпазды анықтау үшін пенальтиге жүгінуге тура келді.
Пенальти сериясы барысында «Қайраттың» қақпашысы Темірлан Анарбеков шеберлігін көрсетіп, алғашқы соққыны қайтарды. Жанкүйерлердің қуанышын еселеген ол барлығы үш соққыны тойтарып, командасына сенімділік сыйлады. Валерий Громыко өз мүмкіндігін мүлт жібергенімен, Александр Мартынович пен Офри Арад өз пенальтилерін дәл орындады.
Нәтижесінде, пенальтиде басымдық көрсеткен «Қайрат» жарыстың келесі кезеңіне жолдама алып, жанкүйерлерін қуантты. Бұл кездесудің басты қаһарманы сөзсіз – қақпашы Темірлан Анарбеков.
Айта кетейік, бұған дейінгі матчта, яғни плей-офф раундындағы алғашқы кездесуде, қос команда Шотландиядағы «Селтик Парк» алаңында 0:0 есебімен тең тарқасқан болатын.