Соңғы 30 жыл ішінде Азия даму банкі (АДБ) Қазақстандағы энергетика , цифрлық даму және тұрғын үй инфрақұрылымы салаларындағы жобаларға 7,5 млрд доллардан астам қаржы құйды.

Бұл жөнінде АДБ-нің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Кумар Утсав пен Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің кездесуінде айтылды.

Ірі жобалар

АДБ қаржыландырған жобалардың қатарында «Ақтөбе – Қандыағаш» автожолын қайта жаңарту және «Қызылорда – Жезқазған» учаскесін қамтитын «Қызылорда – Павлодар – Үспен – Ресей шекарасы» трассасы бар.

Алдағы уақытта тараптар «Сарыағаш қаласын айналып өтетін автожол құрылысы» мен «Инклюзивті және жасыл тұрғын үй қаржыландыруға жәрдемдесу» жобаларын жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, фискалдық басқару бағдарламасын жетілдіру және қаржы секторы реформасы қатар қолға алынбақ.

Кездесуде Қарағанды, Ақтөбе және Семей қалаларында университеттік ауруханалар салу жобаларының маңызы ерекше атап өтілді.

Өңірлік ынтымақтастық

Қазақстан 2001 жылдан бері Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы (ОАӨЭЫ) бағдарламасына белсенді қатысып келеді. Осы уақыт ішінде көлік саласындағы 32 жобаға 10 млрд доллар тартылған.

«Бұл шара жылды қорытындылап қана қоймай, ОАӨЭЫ-ның болашақ басымдықтарын айқындайды және көлік пен транзитті дамыту жөніндегі жаһандық диалогтың маңызды бөлігіне айналады», — деді Серік Жұманғарин.

Экономикалық болжам

Бұған дейін АДБ Қазақстан экономикасына қатысты болжам жариялаған еді. Ұйымның дерегінше, ел экономикасы 2025 жылы 5,1%, ал 2026 жылы 4,3% өсім көрсетпек.