Иордания Королі мен президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақорда резиденциясында елімізге ресми сапармен келген Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнді қарсы алды, деп хабарлайды Ақорда.

Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.

Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.


Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің шақыруымен Қытайға барады


Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң Иордания Королі мен президент құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.

Қазіргі уақытта мемлекет басшылары келіссөз жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен II Абдалла бен әл-Хусейн Қазақстан-Иордания бизнес форумына қатысады.