Тапшылықтан тарыққан тұрғындардың талабы да, тілегі де бір.

Жамбыл облысында екі аудан тұрғындары сұйытылған газ таппай сенделіп жүруден шаршаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Себеп аймақтағы жалғыз газ жинақтайтын станцияға екі айдан бері отын келмеген. Салдарынан күніміз бүкіл аудандағы бірді-екілі бекет басында кезек күтумен өтуде дейді жұрт. Ал бұрын ауданды қажет газбен қамтамасыз етуші NB Partners Kazakhstan компаниясы бұл жерде қолдан жасалған қиянат барына сенімді.

Тапшылықтан тарыққан тұрғындардың талабы да, тілегі де бір. Бүгінде аудан жұртына алаңсыз газ табу арманға айналған. Адым жерде құятын бекет болғанмен, құятыны жоқ бос тұр дейді. Халық 30-нан екеуі ғана бүкіл ауданды бетіне қаратып қойғанына қапалы.

Энергетика министрлігі өңірге газ жеткілікті түрде тасымалданады дейді. Бірақ "ТеңізШевройл" зауытынан NB Partners Kazakhstan газ станциясына нақты не себепті өнім жеткізілмейтінін ашып айтпады.

"Айта кету керек, Жамбыл облысының ай сайынғы қажеттігі 7 мың 500 тоннаны құрайтын болса, облысқа жөнелтілген ай сайынғы орташа көлемі 9 мың 597 тоннаны құрайды. Бұл аталған облыстың ай сайынғы қажеттігінен 21 пайызға артық", – деді КР энергетика министрлігі сұйытылған мұнай-газ басқармасының басшысы Расул Түленов.

Жалпы, жауапты ведомство өкілдері облысқа қажет көлемнің барын айтқанымен, жергілікті жерде таратылуында тапшылық сезіледі.