Алматыда бір түнде футбол мерекесі орнады. Қала көшелері думанға толып, стадионнан шыққан адамдардың қуанышында шек болмады, деп хабарлайды 24kz.

«Қайраттың» жеңісін әнмен жеткізіп, жарыса сүйінші сұраған жанкүйерлер мәре-сәре күйге бөленді. Бұл бекер емес, алматылық команда өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жолдама алды. Кеше түнде өткен шешуші ойында «Қайрат» шотландиялық «Селтикті» пенальти сериясында тізе бүктірді.

Алматы стадионында ине шаншар орын болмады. Билет жетпеген жанкүйерлер ойынды сырттан тамашалап, «Қайратқа» қолдау білдірді. Негізгі уақытта екі команда тең түсті. Экстра-таймда да есеп ашылмады. Пенельтиге келгенде жанкүйерлер демін ішіне тартып, тына қалды. Шешуші сәтте қақпашы Темірлан Анарбеков 3 сейв жасап, команданы Еуропаның басты додасына алып шықты. Осылайша, көптен күткен қарымта ойын пенальти сериясында 3:2 есебімен аяқталды.

Рамазан Сұлтанғалиев, футбол жанкүйері:

- Ойын керемет, өте керемет. Жақсы деңгейде өтті. Текетірес жақсы болды. Пенальтиді алып шығатынына барлығы сенді ғой. 130 минут далада бекер тұрған жоқпыз. Алып шықты, молодец.

Бұл жеңіс – тек клуб үшін емес, қазақстандық футбол үшін үлкен жетістік. Енді «Қайрат» командасы Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнайды. Еуропаның үздік командаларымен бір алаңда бақ сынайды.

Олжас Жәкелбаев, футбол жанкүйері:

- Керемет! Чемпион. «Қайрат» чемпион! Біз екінші таймда кіріп үлгердік. Күшті. Өкінбейміз, жұмыстың бәрін тастап келдік.

Баубек Шұбақов, футбол жанкүйері:

- Бүкіл қазақ еліне жеңіс сыйлап жатқан «Қайрат» ұжымына көп алғысымды айтамын. Қазақ елі, футбол жасай берсін!

Жеңістен кейін әлеуметтік желіде Темірлан Анарбековтің жұлдызы жанды. Небәрі 21 жастағы қақпашы «Селтик Паркте» бас қақпашы Александр Заруцкий жарақат алған соң алаңға шыққан еді. Иненің көзіндей ғана мүмкіндікті мүлт жібермей, елдің үмітін ақтады. Бір түнде оның парақшасына 52 мыңнан аса жанкүйер қосылды. Ал, УЕФА ресми түрде Анарбековті матчтың үздік ойыншысы деп таныды.

Серікбол Құралов, футбол жанкүйері:

- Ойын өте тамаша және әсерлі өтті. Біздің қақпашының арқасында осындай үлкен жеңіске жеттік. Бүкіл Қазақстанды осы үлкен жеңіспен құттықтаймын. Жеңіс барлығыңызға құтты болсын. Өте қуанышты көңіл-күйде болдым. Әсіресе, пенальтиден 2:2 болып жатқан кезде өте қуанышты көңіл-күйде болдым.

Осылайша, «Қайрат» өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. 28 тамызда жеребе тартылады. «Қайраттың» қарсыластары арасында «Реал Мадрид», «Бавария», «Манчестер Сити» немесе «Ювентус» секілді клубтар болуы әбден мүмкін.

Авторлары: Алуа Ералықызы, Аршын Кемелжа, Валентин Лобанов