Вьетнам Үкіметінің ресми порталында көрсетілгендей, табиғи апаттан болған толассыз нөсердің кесірінен 7 адам қаза тапқан. Қатты жел мен су басудан 12 мыңнан астам үй қирап, Ханой қаласының көп бөлігі су астында қалған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыл шаруашылығы да үлкен зардап шеккен. Атап айтсақ, 81,5 мың гектардан астам күріш плантациясы мен 4,5 мың гектар өзге де егістік бүлінген. Сонымен бірге 1,6 миллион тұрғын электр қуатынсыз қалғаны хабарланды.

Вьетнам премьер-министрі Фам Минь Чинь министрліктерге, ұлттық корпорациялардың жетекшілеріне және жергілікті билікке үндеу жолдап, тайфун салдарын жою бойынша нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, тұрғын үйлерді, көлік және инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтіру, жоғалған адамдарды іздестіру және ауыл шаруашылығындағы шығынды азайтуға күш салу жүктелген.

Метеорологиялық қызметтің болжамынша, 27 тамызда жауын-шашын жалғасып, елдің солтүстік және солтүстік-шығыс аймақтарының кейбірінде 70 мм-ге дейін нөсер түсуі мүмкін. Сонымен қатар 9 провинцияда жаңа су тасқыны қаупі бар екені ескертілді.