Былтыр «Таза Қазақстан» акциясы аясында 4,5 млн тонна қоқыс жиналды.

Бұл туралы Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген Экология және табиғи ресурстар министрлігі Цифрлық трансформация және жобаларды басқару департаментінің бас сарапшысы мәлімдеді, деп жазды Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.

– «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері жобаға 10 млн 400 мыңнан астам адам атсалысты. Жалпы аумағы 859 мың гектардан аса жер тазартылды. Негізгі бағыт ретінде 2 мәселені айта аламыз. Олар – қалдықтарды тазалау мен көгалдандыру және ел аумағындағы орман шаруашылығын жүргізу. Былтыр 4,5 миллион тоннадан аса қалдық тазаланды. Сол қалдықтарды тазалау үшін 67 жоба жүзеге асырылып, 346 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, – дейді Қазбек Жұмаділлә.

Акция барысында қазақстандықтар Арал теңізінің де мәселесін шешуге үлес қосып жатыр.

– Көгалдандыру жұмыстары үшін ормандарға 1 млрд 349 млн көшет отырғызылды. Арал аумағына 48 миллион ағаш егілді. Онда теңіздің тартылуына байланысты сексеуіл отырғызылып жатыр, – дейді маман.

Соңғы жылдары еліміздегі қоқыстарды жинау мен сұрыптауда жаңа технологиялар да қолданыла бастады. Бұл – қоқыс полигондарына тасталатын қалдықтарды едәуір азайтып, ел экологиясына айтарлықтай оң ықпалын тигізбек.

– Қоғамдық қалдықтарды сұрыптау барысында ел аумағына 100-ден астам фандоматтар қойылды. Фандомат дегеніміз не? Аллюминий, пластик секілді қалдықтарды сол құрылғыға салу арқылы азаматтар бонус ала алады. Ал қоқыстарды сұрыптау үшін Астана, Алматы, Өскемен және Ақтөбе қалаларындағы 129 мектепке мыңнан аса экобокс орнатылды. Сол экобокстарға адамдар түрлі қоқыстарын бөліп сала алады. Егер осындай фандоматтар мен экобокстар көптеп орнатылса, полигонға төгілетін қоқыстар азаяды. Ал құрылғыдағы қоқыстар қайта өңдеуге жіберіледі, – дейді министрлік өкілі.

Цифрлық трансформация және жобаларды басқару департаментінің бас сарапшысы «Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты халықтың экологиялық мәдениетін көтеру екенін еске салды.

– Өткен жылдар мен биылды салыстырар болсаңыздар, нәтиже байқалады. Соңғы уақытта әр адам өз ауласын таза ұстауға тырысып жатыр. Барша қазақстандықтарды «Таза Қазақстан» акциясы аясында бірлесе белсенді жұмыс істеуге шақырамын. Тазалық тек министрлік пен жергілікті атқарушы органдарға ғана емес, барша Қазақстан Республикасының азаматтарына керек қой. Елімізді таза ұстайық! – деп түйіндеді Қазбек Жұмаділлә.