Ұлттық жиналыс келесі оқу жылынан бастап оқушылардың сынып ішінде смартфондар мен өзге де цифрлық құрылғыларды пайдалануына шектеу қоятын қайта қаралған заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz Yonhap агенттігене сілтеме жасап.
Бұл шешім осындай құрылғылардың ықтимал зиянына қатысты алаңдаушылықтан туындаған.
Оңтүстік Корея Білім министрлігінің мәлімдеуінше, 2025 жылдың 1 наурызынан бастап бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларына сабақ кезінде смартфондар мен ұқсас құрылғыларды қолдануға тыйым салынады.
Yonhap ақпарат агенттігінің жазуынша, ел билігі жастардың смартфонға тәуелділігін азайту мақсатында мектептерде мұндай құрылғыларды пайдалануды шектеуге талпынып отыр.
Айта кетсек, 2023 жылдың қыркүйегінен бері Білім министрлігі сабақ барысында смартфондар мен өзге де портативті электрондық құрылғыларды пайдалануға шектеулер енгізіп келген. Ал жаңа заңға енгізілген түзетулер бұл шектеулерге құқықтық негіз қалыптастыруы тиіс.
Сонымен қатар жаңа тыйымға бірқатар ерекшеліктер қарастырылған. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі оқушыларға, төтенше жағдайларда және оқу үдерісіне қажет болған жағдайда құрылғыларды қолдануға рұқсат беріледі.
Осылайша, Оңтүстік Корея сыныптарда смартфондар мен цифрлық құрылғыларды пайдалануға шектеу қойған елдердің қатарына қосылады.
Бұған дейін хабарланғандай, 2025–2026 оқу жылдарынан бастап Бельгиядағы бастауыш және орта мектептерде де мобильді телефондар мен басқа да электрондық құрылғыларды қолдануға жалпыұлттық тыйым енгізу жоспарланған.